Басты бет / Жаңалықтар /
ЖИ
Мамандық таңдап тұрған бала. Фото: ЖИ

ЖИ дәуірі еңбек нарығын өзгертеді: 2030 жылға дейін сұраныс көп 10 мамандық

Жасанды интеллектінің (ЖИ) қарқынды дамуы еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр. Бір мамандықтарға сұраныс төмендеді, енді біріне сұраныс көп. Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Future of Jobs Report 2025 есебі бойынша, 2030 жылға дейін әлемде 170 миллион жаңа жұмыс орны ашылып, 92 миллион жұмыс орны қысқарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Салдары

Соның нәтижесінде еңбек нарығында 78 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Есепте жұмысшылардың, шамамен 39%-ына алдағы бес жыл ішінде жаңа машық меңгеруге тура келетіні айтылған. Жұмыс берушілердің басым бөлігі жасанды интеллект, автоматтандыру және цифрлық технологиялар еңбек нарығын түбегейлі өзгертеді деп біледі.

Неліктен еңбек нарығы өзгеріп жатыр?

WEF сарапшылары еңбек нарығына әсер ететін негізгі бес факторды атады:

  • жасанды интеллект пен автоматтандырудың дамуы;
  • цифрлық технологиялардың жаппай енуі;
  • климаттың өзгеруі және «жасыл» экономикаға көшу;
  • халықтың «қартаюы»;
  • геосаяси және экономикалық өзгерістер.

Осының нәтижесінде кейбір мамандықтарға сұраныс төмендеп, мүлде жаңа кәсіптер пайда болды.

Жасанды интеллект және Machine Learning маманы

Бұл мамандар жасанды интеллект модельдерін әзірлейді, оқытады және жетілдіреді. ChatGPT секілді жүйелердің кең таралуы ЖИ инженерлеріне сұранысты бірнеше есе арттырды.

Олардың міндетіне алгоритмдер әзірлеу, машиналық оқыту модельдерін құру, нейрожелілерді оқыту және бизнеске арналған ЖИ шешімдерін енгізу кіреді.

Big Data маманы

Кейінгі кезде әлемде секунд сайын триллиондаған дерек пайда болады. Сол мәліметтерді өңдеп, талдайтын Big Data мамандары кез келген ірі компанияға аса маңызды.

Бұл мамандар тұтынушылардың мінез-құлқын зерттеп, бизнестің даму стратегиясын жасауға көмектеседі.

FinTech инженері

Қаржы технологиялары да кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Онлайн банкинг, цифрлық әмияндар, төлем жүйелері, блокчейн және криптовалюта платформаларын әзірлейтін инженерлерге сұраныс көп.

Қазақстанда да цифрлық банкингтің дамуына байланысты бұл саладағы мамандардың қажеттігі артып келеді.

Бағдарламаның жасақтама әзірлеушісі

Жасанды интеллектіні бағдарламашылар әзірлейді. Сондықтан бұл мамандық әлі жылдар бойы өзекті бола түспек.

Бағдарламашылар мобайл қолданбалар, уеб-платформалар, корпоратив жүйелер мен мемлекеттік цифрлық сервистерді де дайындайды.

Киберқауіпсіздік маманы

Компаниялар цифрлық жүйеге көшкен сайын кибершабуылдардың саны артып келеді. Сондықтан ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар бұрынғыдан да маңызды бола түсті.

Олар деректердің қауіпсіздігін сақтап, хакерлік шабуылдардың алдын алады.

Деректер инженері

Data Engineer үлкен көлемдегі ақпаратты жинауға, сақтауға және өңдеуге арналған инфрақұрылымды әзірлейді.

Бұл мамандарсыз жасанды интеллект жүйелері де, аналитикалық платформалар да тиімді істей алмайды.

Электромобиль және автоном көлік инженері

Электр көлігінің дамуы бұл саланың еңбек нарығындағы сұранысын арттырды.

Мұндай мамандар көліктің бағдарламалық жүйесін, аккумулятор технологияларын және автоном басқару жүйелерін әзірлейді.

UX/UI дизайнер

Қазір өнімнің сапасы ғана емес, оны пайдаланудың ыңғайлылығы да маңызды. Ал UX/UI дизайнерлері қосымшалар мен сайттардың интерфейсін жасап, қолданушы тәжірибесін жақсартады.

Data Analyst және Data Scientist

Бұл екі мамандық бір-біріне ұқсас болғанымен, атқаратын қызметі әртүрлі.

Data Analyst компаниядағы мәліметтерді талдап, нақты қорытынды шығарады.

Ал Data Scientist үлкен көлемдегі деректерді пайдаланып, болашақтағы үрдістерді болжайтын модельдер жасайды және жасанды интеллект шешімдерін әзірлейді.

Жаңартылатын энергия инженері

Әлем көміртек шығарындыларын азайтуға көшіп жатқандықтан күн және жел энергетикасы саласындағы инженерлерге сұраныс жыл сайын өсіп келеді.

Бұл мамандар энергия тиімділігін арттыратын жаңа технологияларды әзірлейді.

Қандай мамандықтарға сұраныс азаюы мүмкін?

WEF есебінде автоматтандырудың әсерінен кейбір мамандықтарға сұраныс төмендеуі мүмкін екені айтылған. Олардың қатарында:

  • деректерді қолмен енгізетін операторлар;
  • кассирлер;
  • билет сатушылар;
  • пошта қызметкерлері;
  • қарапайым әкімші қызметкерлер;
  • хатшылар;
  • қарапайым бухгалтер операцияларын орындайтын қызметкерлер бар.

Бұл мамандықтар толық жойылады дегенді білдірмейді. Алайда олардың жұмысының басым бөлігін автоматтандырылған жүйелер орындай бастайды.

Болашақта қандай машықтар маңызды?

WEF сарапшыларының пікірінше, еңбек нарығында техникалық біліммен қатар адамның жеке қабілеттері де шешуші рөл атқарады.

Ең маңызды дағдылар:

  • аналитикалық ойлау;
  • шығармашыл қабілет;
  • цифрлық сауат;
  • жасанды интеллектімен жұмыс істей білу;
  • үздіксіз білім алу;
  • икемді болу;
  • көшбасшы;
  • қарым-қатынас және топпен жұмыс істеу.

ЖИ және Қазақстан

Қазақстан да цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отыр. Мемлекеттік қызметтерден бастап банк жүйесіне дейін ЖИ технологиялары енгізіліп келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары елімізде де бағдарламашыға, деректер сарапшысына, киберқауіпсіздік маманына және жасанды интеллект инженеріне сұраныс айтарлықтай артады.

Мамандардың айтуынша, ендігі басты талап – тек диплом алу емес, жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби білімді үнемі жаңартып отыру. Себебі ЖИ көптеген қарапайым процесті автоматтандырғанымен, оны басқаратын, жетілдіретін және жаңа шешімдер жасайтын мамандардың орны алдағы онжылдықта бұрынғыдан да маңызды болмақ.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram