Басты бетҚоғамБас прокуратура...

Бас прокуратура заңсыз шерулерге қатыспауды тағы ескертті

ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев ел азаматтарына 9 мамыр күні заңсыз митингілерге қатысудан бас тарту жөнінде үндеу жасады. Үндеу ведомствоның сайтында жарияланды.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде осы жылдың 9 мамырында заңсыз митингіге қатысуға үгіт жүріп жатыр. Бас прокуратура бұдан бұрын да осындай заңсыз жариялы акциялар ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін жауаптылықты ескерткен болатын. Алайда 1 мамырда кейбір азаматтар уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерлерінің әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы түсіндірмесін елемей, заңсыз митингілерге шығып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың құқықтық тәртіпке қайшы іс-әрекеттерінен азаматтардың демалуына және тыныштығына қауіп төнді. Осыған байланысты митингілер ұйымдастырудың және өткізудің заңды тәртібін бұзуға жол берілмейтініне назар аударамыз, — делінген Болат Дембаевтың үндеуінде.

Бас прокуратураның хабарлауынша, егер азаматтар ескертуге құлақ аспай, заңсыздыққа барса, қатаң жауап береді.

Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен бірге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратура арандатушылыққа берілмеуге және мемлекеттің заңдарын бұзбауға шақырады, — дейді Болат Дембаев.

Еске салайық, 29 сәуір күні Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов та азаматтарға үндеу арнап, қоғамдық орындарда заңсыз митингілерге қатыспауды ескерткен еді. Ескертуге қарамастан 1 мамырда Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Семейде, Қарағандыда және Ақтөбеде азаматтар митингіге шықты. Кейін полиция 80 адамның ұсталғанын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полицейлері 9 мамыр күнгі «Жаужүрек полк» шеруі кезінде қауіпсіздік күшейтілетінін хабарлады. Ардагерлер мен қоғамдық бірлестік өкілдері азаматтарды Жеңіс күні бүлік шығармауға үндеп отыр.