80 адам ұсталды. ҚР ІІМ наразылық шарасы туралы түсінік берді

ҚР Ішкі істер министрлігі 1 мамыр күні еліміздің бірнеше қаласында болған наразылық шарасы жөнінде түсінік берді. Тиісті хабарлама ведомствоның Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

Бас прокуратураның ресми үндеуіне қарамастан 1 мамырда Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Семейде, Қарағандыда және Ақтөбеде азаматтардың санкцияланбаған митингілері мен жиналыстары болды. Акцияға қатысушыларға әлеуметтік және басқа да проблемалар бойынша қоғамдық позициясы мен пікірін еркін және ашық білдіруге мүмкіндік берілді. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда жиналғандардың ішіндегі жекелегендері агрессия байқатып, «ДВК» тыйым салынған экстремистік ұйымының ұрандарын айқайлап айтты, қоғамдық тәртіпті бұзды, — деп хабарланған ІІМ таратқан ақпаратта.

Министрліктің мәліметінше, соған байланысты әкімдіктер мен прокуратура өкілдері оларға бейбіт митингілер, жиналыстар мен шерулерді өткізу тәртібі туралы заңнама талаптарын түсіндірді.

Жекелеген азаматтар заңсыз әрекетті тоқтату туралы талапқа бағынбады. Содан кейін полицияның күшімен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру мен заң бұзғандарды ұстау шарасы қолға алынды. Нәтижесінде астанада және Алматыда полиция бөлімдеріне 80 азамат жеткізілді. Олардың әрекетіне заңда бекітілген тәртіппен құқықтық баға беріледі. Ішкі істер министрлігі азаматтарға арандатуға ермеуге және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға кеңес береді, — деп хабарлады министрлік.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, 1 мамыр күні Нұр-Сұлтанда мен Алматыда  және басқа да бірнеше қалада азаматтар көшеде наразылық білдірген. Олар биліктен елде әділ сайлау өткізуді талап еткен.