Алматы полициясы әлеуметтік желіде көмек сұраған шетел азаматына шабуыл жасаған ер адамды ұстады. Сот шешімімен күдікті 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, шетел азаматы мегаполис орталығында серуендеп жүрген кезде оған белгісіз ер адам шабуыл жасаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті алдымен шетелдікке тіл тигізіп, кейін соққыға жыққан және оның ұялы телефонын тартып алуға әрекеттенген.
Оқиға туралы жәбірленуші әлеуметтік желі арқылы хабарлағаннан кейін полиция жедел іздестіру шараларын бастап, Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Тексеру қорытындысы бойынша ұсталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, — делінген хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, сот ер адамды кінәлі деп танып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтарға қатысты агрессиялық әрекеттердің барлығына, жәбірленушінің азаматтығына немесе оқиғаның қоғамдық резонансына қарамастан, заң аясында жедел әрі қатаң құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
