Алматы облысының Қарасай ауданында Ақсай өзенінің арнасынан шығуына байланысты жүргізілген қалпына келтіру жұмыстары кезінде су желісі зақымданып, Жаңатұрмыс ауылында ауызсу беру уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қарасай ауданы әкімдігінің мәліметінше, кейінгі күндері жауған нөсер жауынның салдарынан Ақсай өзені арнасынан асып, өзенді бұрынғы арнасына бұру және жағалауды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстар барысында техникалық қиындықтар туындап, су құбыры зақымданған. Соның салдарынан Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарына ауызсу беру уақытша тоқтатылған.
Әкімдік мәліметінше, апатты жою үшін «Таусымалы Қызмет» мекемесінің мамандары мен авариялық бригада толық құрамда жұмылдырылды. Су жүйесін қалпына келтіру жұмыстары түнгі уақытта да тоқтаусыз жүргізілген.
Еске салайық, 2 шілдеде Жаңатұрмыс ауылындағы «Карьер Ақсай» ЖШС аумағында Ақсай өзені табанының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ опырылған болатын.
Осы оқиғадан кейін Алматы облысының Қарасай ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қазір апат салдарын жою және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
