Бас прокуратура рұқсат етілмеген шерулерге қатыспауды ескертті

Қадағалау органы өкілінің айтуынша, тәртіп сақшылары бейбiт жиналыстар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзғандарға тиісті шара қолдануға міндетті.

Шеру, митинг, ереуіл
Иллюстрация: Тengrinews.kz

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстан азаматтарына заңсыз шерулерге қатысудағы жауапкершілік жөнінде үндеу арнады. Үндеу ведомствоның сайтында жарияланды.

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингілерге қатысу жөнінде шақырулар таратылып жатыр. Бас прокуратура ондай акцияларды өткізген жағдайда оған қатысқандардың әрекеттері бейбiт жиналыстар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді. Құқық қорғау органдары құқықбұзушыларға ден қойып, оларға тиісті шаралар қолдануға міндетті болады, – делінген Марат Ахметжановтың үндеуінде.

Бас прокурордың орынбасары мұндай акцияларға қатысуға үндеу, оларды ұйымдастыру және қатысу үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске салды. Жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабында көрсетілген.

Егер де бұл әрекеттер елеулі зардап келтіретін болса, онда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауаптылыққа тартылады. Бас прокуратура еліміздің жоғарғы қадағалау органы ретінде азаматтарды заңды мүлтіксіз сақтауға, арандатуға ермеуге және заңсыз акцияларға қатысудан тартынуға шақырады, – дейді Бас прокурордың орынбасары.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!