Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі әскери қызметке шақыру науқаны аяқталды. Оның қорытындысы бойынша Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шақырылғандардың 11 мыңнан астамы Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында қызмет етеді. 7 мыңнан астам азамат ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 400-ге тарта жас Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300 азамат Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.
Әскерге шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданған. Ал әскери қызметті кейінге қалдыру немесе одан босату рәсімдері автоматты түрде жүзеге асырылды.
Шақыру науқаны кезінде Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Қауырт желі» телефондары, азаматтарды жеке қабылдау және ақпараттық кездесулер барысында шақырылушылар мен олардың ата-аналары барлық сұраққа жауап алды.
Жергілікті атқарушы органдар шақыру іс-шараларын ұйымдастырып, шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысына қажетті жағдай жасады.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің жастарға бірқатар мүмкіндік беретінін атап өтті. Атап айтқанда, мерзімді қызмет барысында сарбаздар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.
Әскери қызмет кезінде банктер мен қаржы ұйымдары алдындағы міндеттемелері бар сарбаздарға несиелік демалыс беріледі.
Әскери қызметін аяқтағаннан кейін жауынгер даярлығында жоғары нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантына ие бола алады. Ал қалған әскери қызметшілер ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне қабылдана алады.
