Гүлбаһрам Жүніс азаматтарды Жеңіс күні бүлік шығармауға үндеді

Желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлбаһрам Жүніс азаматтарды билікке наразылық білдіру, қоғамдық тәртіпті бұзу, заңсыз митингілер ұйымдастыру сияқты әрекеттермен 9 мамыр — Жеңіс күнінің қадірін кетірмеуге үндеді.

Қоғам қайраткерінің пікірінше, бұл күнді қандай да басқа мақсатқа пайдаланудың қажеті жоқ, Жеңіс күні — соғыста қаза тапқан адамдарға тағзым ететін ғана мереке.

Ораза күні, Жеңіс күні, ата-бабаларымыздың қан төгіп, осы елді, жерді, халықты, ұрпақты қорғаған күні қалай ғана ар-ұятыңыз барып, елдің мерекесі мен берекесіне, ата-баба алдына тағзым етіп келетін ұлы күніне, ибалы күніне іріткі саласыз? Бұл — адамдық негізде алсаңыз да қылмыс жағдай. Біздің бар арман-мақсатымыз — елімізде тыныштық пен берекет болып, ауызбіршілікте өмір сүріп, ұрпақтарымыз осы ел мен жерде тыныш өмір сүрсе, достық пен түсінікте ғұмыр кешсе екен деген тілек. Ата-бабамыздың рухы тыныш жатып, еліміз ауызбіршіліктен ажырамасын, — дейді Гүлбаһрам Жүніс.

Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы Жеңіс күні мерекесінде болатын «Жаужүрек полк» шеруі кезінде қауіпсіздікті күшейтетіні хабарланған еді. Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ардагерлердің 25 ұйымынан сондай өтініш түскен.