Басты бет / Жаңалықтар /
жол, жасанды интеллект
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ғалымдар әлемді өзгертетін 10 жаңа технологияны атады

Жасанды интеллект, денсаулық сақтау, энергетика және киберқауіпсіздік салаларындағы жаңа технологиялар алдағы үш-бес жыл ішінде әлем экономикасы мен қоғам дамуына елеулі ықпал етуі мүмкін. Мұндай болжам Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Top 10 Emerging Technologies of 2026 атты жаңа есебінде жарияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Есеп туралы

Есеп ғылыми басылым Frontiers-пен бірлесіп дайындалды. Сарапшылар технологияларды жаңашылдығы, даму деңгейі және қоғамға ықпал ету әлеуеті бойынша іріктеген. Бағалау жұмысына әлемнің жетекші ғалымдары, инженерлері мен инновация саласының мамандары қатысқан.

WEF сарапшыларының айтуынша, биылғы тізімдегі технологияларды біріктіретін үш негізгі ерекшелік бар. Біріншіден, олар адамға бейімделген, яғни әр науқасқа немесе нақты жағдайға арналған жеке шешімдерге бағытталған. Екіншіден, көптеген технология азық-түлік, энергия және маңызды ресурстарды тұтынушыға жақын жерде өндіруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл жаңалықтар аз ресурспен көп нәтиже алуға негізделген.

Барлығын электр желісіне біріктіру (Everything-to-grid)

Тізімнің бірінші орнына барлығын электр желісіне біріктіру (Everything-to-grid) технологиясы шықты. Бұл жүйеде тұрғын үйлер, электр көлігі және түрлі құрылғы тек электр энергиясын тұтынушы емес, оны сақтап, қажет кезде қайта желіге бере алатын жүйеге айналады.

WEF мәліметінше, жаңа буындағы аккумуляторлар, ақылды басқару бағдарламалары және электр энергиясын сатудың жаңа үлгілері бұл технологияны шынайы өмірге жақындатып келеді.

Литийді тікелей өндіру

Екінші орында – литийді тікелей өндіру (Direct Lithium Extraction) технологиясы.

Қазіргі әдіспен литий өндіру бірнеше айға созылса, жаңа технология тұзды ерітіндіден литийді бірнеше сағаттың ішінде бөліп алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс су мен жер ресурстарын да әлдеқайда аз пайдаланады.

Технология Аргентина мен АҚШ-тың Калифорния штатында сәтті сынақтан өткен.

Электр энергиясын қажет етпейтін салқындату материалдары

Үшінші орында – электр энергиясын қажет етпейтін салқындату материалдары (Passive Radiative Cooling Materials) технологиясы.

Бұл материалдар электр энергиясын қолданбай-ақ ғимараттар мен түрлі беттердің температурасын қоршаған ортадан төмен деңгейге дейін салқындата алады.

Қазір мұндай технология бояуларға, шатыр жабындарына, құрылыс материалдарына және арнайы маталарға енгізіліп жатыр.

PFAS заттарын жою технологиялары

Төртінші орында PFAS деп аталатын, табиғатта өте баяу ыдырайтын улы химиялық заттарды жою технологиялары тұр.

Ғалымдар бұл қауіпті заттарды суперкритикалық су, электрохимиялық өңдеу және ультракүлгін фотокатализ арқылы ыдыратудың тиімді тәсілдерін әзірлеген. Қазір бұл технологиялар өнеркәсіптік қалдықтар мен жер асты суларын тазартуға қолданылып жатыр.

Дәл ферментация технологиясы

Бесінші орында – дәл ферментация технологиясы (Precision Fermentation).

Бұл технология микроорганизмдерді бағдарламалау арқылы ақуыз, май және басқа да қажет заттарды өндіріс көлемінде алуға мүмкіндік береді.

Қазір әлемдегі бірқатар ірі азық-түлік компаниясы дәл осы әдіспен өндірілген сүт және жұмыртқа ақуыздарын пайдалана бастады.

Экзосомалар арқылы дәрі жеткізу

Алтыншы орынға Exosome Drug Delivery технологиясы енді.

Экзосомалар арнайы өзгертіліп, дәрілік заттарды ағзадағы күрделі биологиялық кедергілерден, соның ішінде қан мен ми арасындағы тосқауылдан өткізе алады.

2022 жылдан бері осы технологияға негізделген қатерлі ісік, жүйке жүйесі аурулары және COVID-19 салдарын емдеуге арналған 200-ден астам клиникалық зерттеу басталған.

Жеке mRNA қатерлі ісік вакциналары

Жетінші орында – әр науқасқа жеке дайындалатын mRNA қатерлі ісік вакциналары.

Бұл вакциналар науқастың ісігіндегі мутацияларға негізделіп жасалады және иммундық жүйені қатерлі ісік жасушаларын тануға әрі жоюға үйретеді.

WEF мәліметінше, ұйқыбезі обыры мен меланомаға қатысты клиникалық зерттеулердің нәтижесі үшінші кезеңге өтуге мүмкіндік берген.

Кванттық модельдеу арқылы дәрі жасау

Сегізінші орында дәрі-дәрмек әзірлеуге арналған Quantum Simulation Models технологиясы тұр.

Бұл әдіс молекулалардың өзара әрекетін бұрынғы компьютерлерге қарағанда әлдеқайда дәл модельдеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында жаңа дәрілерді әзірлеу жылдам әрі тиімді болуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің әлемдік модельдері

Тоғызыншы орында жасанды интеллектінің жаңа буыны саналатын World Models технологиясы тұр.

Бұл жүйе қоршаған ортаның заңдылықтарын үйреніп, бұрын кездеспеген жағдайларда да дұрыс шешім қабылдай алады.

Қазір бұл технология NVIDIA компаниясының Cosmos платформасында және климаттық модельдерді әзірлеуде қолданылып жатыр.

Кванттық компьютерлерге төзімді криптография

Тізімді Lattice-based Cryptography технологиясы түйіндейді.

Бұл әдіс ақпаратты кванттық компьютерлер бұза алмайтын арнайы математикалық құрылымдар арқылы шифрлауға мүмкіндік береді.

WEF мәліметінше, АҚШ-тың Ұлттық стандарттар және технологиялар институты (NIST) посткванттық шифрлау стандарттарын 2024 жылы бекіткен. Қазір Еуропалық одақ, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі және SWIFT жүйесі жаңа криптографиялық стандарттарға көшу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сарапшылар не дейді?

WEF сарапшыларының пікірінше, алдағы жылдары бұл технологиялар энергетикадан бастап медицинаға, азық-түлік өндірісінен цифрлық қауіпсіздікке дейін көптеген саланы түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Алайда олардың кеңінен енгізілуі қаржыландыруға, халықаралық реттеуге, инфрақұрылымның дайындығына және технологияларға тең қолжетімділікке байланысты болады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram