Жұмыс тобының құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов кіретінін еске сала кетейік.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Гүлшара Әбдіқалықова мен Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарын Талдықорғанның қалалық жұмыспен қамту орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығынан бастады, онда мекемелердің жұмысын тексерді. Бұдан кейін жұмыс тобы тұрғындармен кездесті. Жиынға көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, еңбек ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, мұғалімдер, дәрігерлер, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары, жұмыс тобының мақсаттары мен міндеттері туралы толығырақ айтып берді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндай отырып, мемлекеттің басымдығы халықтың тұрмыс деңгейін барынша жақсарту екенін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндет — халықты жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына міндетті түрде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Вице-премьер бастаған топ цифрлық сауатты дамытуға бағытталған №28 АТ-лицей мектебіне барды. Мұнда 1,3 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мектеп заманауи жабдықтармен жабдықталған, 59 кабинет бар, оның ішінде информатика, психолог, лингафон және мультимедиа кабинеттері, оқу шеберханалары бар.
Гүлшара Әбдіқалықова 5 бала тәрбиелеп, балабақшада тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істейтін әйелдің үйіне де барды. Премьер-министрдің орынбарасы оған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетігін түсіндірді, бұл отбасы енді ай сайын 141 125 теңге алады.
Бірінші жұмыс күнінің соңында вице-премьер азаматтарды жеке де қабылдады. Жұмыс тобының басқа мүшелері облыс аудандары бойынша сапарларда болды.