Қазақстан делегациясы 26 маусым мен 2 шілде аралығында Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығына қатысып жатыр.
Іс-шара барысында еліміз Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс аймақтарынан азаматтарды қайтару тәжірибесін халықаралық қауымдастыққа таныстырды.
Конференцияның ең әсерлі сәттерінің бірі – Қазақстанға репатриацияланған азаматшаның БҰҰ мінберінде сөз сөйлеуі болды. Ол жоғары деңгейдегі конференцияға арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Қазақстанға оралған азаматша қоғамға қайта бейімделу және оңалту жолындағы тәжірибесімен бөлісті.
«Мемлекеттің қолдауының арқасында өмірім қалыпты арнасына түсті. Балаларым білім алып жатыр, ал өзім шағын кәсіппен айналысуға мүмкіндік алдым», – деді Қазақстан азаматшасы.
Терроризмге қарсы апта аясында Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен бірге Жаһандық терроризмге қарсы стратегияға тоғызыншы шолу жасау жөніндегі қорытынды құжатты әзірлеуге қатысып жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азия елдерімен бірлесіп «Қақтығыс аймақтарынан оралғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, оңалту және қоғамға қайта бейімдеу саласындағы Орталық Азияның тәжірибесі» тақырыбында арнайы сайд-ивент өткізеді.
Бағдарлама аясында БҰҰ өкілдерімен және халықаралық сарапшылармен бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстан делегациясы Ресей мен Ямайка ұйымдастыратын бірнеше халықаралық іс-шараға спикер ретінде қатысады.
Айта кетейік, сөз сөйлеген азаматша мен оның төрт баласы 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жүзеге асырылған «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы аясында Қазақстанға қайтарылған.
«Жусан» және «Русафа» операцияларының нәтижесінде Қазақстанға 700-ден астам азамат оралды. Олардың басым бөлігін әйелдер мен балалар құрады.
