Үкіметтің Гүлшара Әбдіқалықова бастаған тобы Шымкентте болды

Мемлекеттің азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын түсіндіруші үкіметтік жұмыс тобы Шымкентте болды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс тобы әуелі көпбалалы аналармен, әлеуметтік аз қамтылған отбасылармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт саласының қызметкерлерімен, азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Бұл — топ аралап отырған тоғызыншы өңір.

Гүлшара Әбдіқалықова халыққа Үкімет жанынан Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» аталатын жаңа әлеуметтік шаралар жүйесін түсіндіру бойынша құрылған топтың міндеттері туралы хабарлады. Оның айтуынша, облыстарда халық мемлекеттің жаңа әлеуметтік саясатына түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп отыр.

Кездесу барысында жұмыс тобының мүшелері өз бағыттары бойынша презентациялар жасады. Бердібек Сапарбаев өнімді жұмыспен қамтуды дамытуға, жеке бизнеті ашуға жәрдемдесуге, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге көңіл бөле отырып, әлеуметтік қолдау шаралары туралы әңгімелеп берді.

Күләш Шәмшидинова аудиторияға білім беру жүйесін жетілдіру шаралары, білім беру қызметкерлерінің жалақысының 1 маусымнан бастап 30%-ға дейін артатыны және қоғамдағы мұғалімдердің рөлін арттыру туралы ақпарат берді.

Ләззат Ақтаева медициналық қызметтердің сапасын арттыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту мәселелеріне тоқталды.

Мархабат Жайымбетов жалдамалы тұрғын үй салу мен бөлу, тұрғын үй заемдарының жеңілдікті механизмін атап айтты.

Шымкент әкімінің орынбасары Гүлжан Кұрманбекова Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік жобалар туралы әңгімеледі. Осылайша Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы тұрғын үй құрылысы, 15-і білім саласы, 36-ы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы көлік инфрақұрылымы бойынша. Оларды орындау нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан өзге, мамырда «Мейірім.KZ» қайырымдылық порталы, «Шапағат», «Белсенді ұзақ өмір сүру» мүгедектерді қолдау орталығы, «Ел-көмек» әлеуметтік электрон порталы іске қосылады. Сонымен бірге жыл сайын 1 қыркүйекке қарай 5 мың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 40 АЕК сомасында бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Биыл олар 101 мың теңгеден алады.

Кездесу кезінде жұмыс тобының мүшелері залдағы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова 11 көпбалалы отбасыға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Күннің екінші жартысында үкіметтік топ Түркістан облысына аттанды.