Гүлшара Әбдіқалықова кәсіпкерлерге жұмысшылар жалақысын өсіруге кеңес берді

Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңес барысында Үкіметтің Гүлшара Әбдіқалықова бастаған тобы Ақтөбе рельс-белағаш зауытында Ақтөбенің және облыс аудандары әкімдерімен, кәсіпорын басшыларымен, «Атамекен»  ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен кәсіподақ ұйымдары өкілдерімен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мәселелерін талқылады. Жұмысшылардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік серіктестікті және бизнес жауапкершілігін дамыту мәселелеріне көңіл бөлінді.

Біріншіден, жұмысшылардың алдында қарыз болмауы керек. Күн сайын дау-жанжалдың неден басталатын қарап отырамыз. Соның үштен бірі несиеден болып тұр. Екіншіден, еңбек қауіпсіздігі қатаң сақталуы тиіс. Республика бойынша өндірістік жарақат көлемі азайды, дегенмен әлемдік стандартқа жету межесі тұр. Үшіншіден, жалақыны кезең-кезеңмен өсіру керек. Соңғы 10 жылда бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 2,5 есе артты. Бұл жолы шілде айында 30%-ға өседі. Өндірісте, бизнесте жалақының өскені дұрыс деп есептейміз. Төртіншіден, жұмысшыны қысқартуға жол бермеу керек, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

«ҚазАқпараттың хабарлауынша, кәсіпкерлермен кездесу кезінде Гүлшара Әбдіқалықова бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары бағалады. Сонымен қатар мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге шақырды.

Біз көпбалалы, мұқтаж отбасылармен кездесуге бардық. Кейбір отбасыға шын мәнінде көмек керек, ал кейбіріне жол сілтеп, бағыттап жіберуге болады. Әйелдер үшін үйде отырып тігу, пісіру секілді кәсіпті бастауға септігін тигізу қажет, — деді Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өзі облыс әкімі болып жұмыс істеген жылдары кәсіпкерлердің көмек беріп, қолдау көрсеткенін айтты.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлері Президенттің жалақыны өсіру тапсырмасын орындап, ең төмен жалақы алатын жұмысшыларының еңбекақысын көтерді. Ірі феррохром, мұнай-газ компаниялары бастап, еңбекақы өсірді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасуы тиіс. Жалақы қарызы болмағаны жөн. Облыста 80 миллион теңге қарыз бар. Қарыз жиналып қалғандардың көбі — банкрот болуға жақын тұрған компания, — деді Бердібек Сапарбаев.

Еске салайық, Үкіметтің Гүлшара Әбдіқалықова бастаған тобы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын түсіндіру үшін өңірлерді аралап жүр.