Атаулы әлеуметтік көмек — әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен отбасыларға, әсіресе, көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем.

1) Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініш қабылдау қашан басталады? Қай жерге хабарласу қажет?

Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдау 2019 жылдың 1 сәуірінде басталады. Ол үшін тұрғылықты мекенжай бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса, кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді.

2) Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қаңдай құжаттар қажет?

Өтініш беру мен сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар қажет емес.

3) Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?

Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.

4) Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты мекенжайға тіркелу қажет пе?

Иә, қажет. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрғылықты мекенжайға тұрақты немесе уақытша тіркелу қажет.

5) Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табысы есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қарала ма?

Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшесі есепке алынады. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның отбасы құрамын нақтылау бөлігіне толықтыру енгізіп жатыр.  Осылайша 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.

6) Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуы керек? Жәрдемақының мөлшері қандай?

Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен атаулы әлеуметтік көмек критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді. Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен кәмелет жасқа толмаған 6 баладан тұратын отбасын алайық.

Ай сайынғы табысы:

  1. Әкесінің жалақысы — 150 000 теңге;

2) Көпбалалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы — 10 504 теңге;

3) «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы — 16 160 теңге

Отбасының ай сайынғы табысы — 176 664 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы былай есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 теңге. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.

Балаларға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 20 789 теңге х 6 бала = 124 734 теңге.

Ата-аналар үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 20 789 теңге — 18 750 теңге =  2 039 теңге; 2 039 х 2 = 4 078 теңге.

Атаулы әлеуметтік көмектің жиынтық мөлшері — 124 734 теңге + 4 078 теңге = 128 812 теңге.

Егер бұрын отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Осылайша жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескерген кезде отбасының жалпы табысы 176 664 теңге + 128 812 теңге = 305 476 теңге болады.

7) Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алына ма?

Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады, яғни әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы.

8) 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын санау кезінде қандай табыс есепке алынбайды?

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:

1. Төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;

3. Баланың мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы;

4. Студенттердің стипендиясы;

5. Жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.

9) Көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар? Олар бойынша толық және дұрыс ақпаратты қайдан алуға болады?

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие. Сонымен бірге «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар:

— көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын;

— тұрғылықты мекенжайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариат және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және тағы басқа төлемдерді төлеуден босатылады.

Бес және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі, оны атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету және тағы басқалар бар.

Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңірінде мұқтаж азаматтарға бірдей әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, ауылдық әкімдіктерден, «111» call-орталық нөмірі арқылы алуға болады.

10) Қандай жастағы балалар атаулы әлеуметтік көмек ала алады?

Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленеді.