Атырау облысында суға батып бара жатқан әйелді құтқару кезінде қаза болған 24 жастағы полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтің жерлеу рәсімі өтті. Бұл туралы Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға ағайын-туыстары, достары мен қала тұрғындары, ІІМ, Атырау облыстық және қалалық әкімдігінің қызметкерлері, Сенат депутаты, ішкі істер органдарының ардагерлері, аймақтағы барлық күштік құрылымдардың және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының өкілдері, жергілікті депутаттар, прокуратура органдарының өкілдері қатысты.
Сенат спикері Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ішкі істер министрі ерлікпен қаза тапқан Шалқар Ақымғалиевтің жақындарына көңіл айту жедел хатын жіберді.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев марқұмның отбасына көңіл айтып, бұл бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің қайғысы екенін айтты.
Бүгін ауыр күн. Бұл — марқұмның отбасының ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ қайғысы. Біз сіздермен бірге қайғырып отырмыз. Марқұмның есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Осындай мақтаулы ұлды тәрбиелегендеріңіз үшін сіздердің алдарыңызда бас иеміз, — деді Нұрлан Ноғаев.
Зират басында үш рет мылтық атылды.
Шалқар Ақымғалиев Ішкі істер органында бес жылдан астам уақыт қызмет еткен. Ол тірі болғанда 1 сәуірде 25 жасқа толар еді.