ҚР ІІМ смартфондарды тіркеу қандай мақсатпен жүргізілетінін хабарлады

Полиция қазақстандықтардың "науқан кезінде жеке мәлімет тексерілуі мүмкін бе" деген қаупіне қатысты түсінік берді.

Смартфон
Фото: Silicon.fr

ҚР ІІМ өкілдері қазақстандықтардың “ұялы телефонды тіркету науқаны құрылғыларды бақылау үшін жүргізілуі мүмкін” деген қауесеті туралы түсінік берді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа ережесінің енгізілуі абоненттің жеке мәліметтеріне қатысты қандай да бір заңға қарсы әрекетке себеп болмайды. Жасырын тергеу әрекеттері бұрынғысынша қылмыстық іс жүргізу заңнамасына қатаң сәйкес жағдайда іске асырылады, – делінген хабарламада.

Абоненттердің ЖСН-ін тіркеу ұялы байланыс операторларында жүргізіледі.

Ұялы байланыс операторларының қызметі қатаң норматив-құқықтық актілермен регламенттелген. Қызметтік ақпарат пен абоненттердің жеке мәліметін қорғау мәселесі – елдің заңнамасымен кепілдік берілген басым бағыт, – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін смартфондарын тіркетіп үлгермеген қолданушыларға 2019 жылдың 1 қаңтарына қараған түннен бастап ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтіні хабарланған еді. Baribar.kz абоненттер смартфонын тіркеу науқаны қалай жүргізілетіні туралы мәлімет берді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!