Басты бет / Жаңалықтар /
жастар
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Жастар қатысатын бюджет» жобасы іске қосылады: үздік бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі

Алматыда «Жастар қатысатын бюджет» жаңа жобасына өтінім қабылдау басталады. Қазақстанда алғаш рет жастар қала дамуына қатысты бастамасын ұсынып, оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қаржыландыруға ие болады. Бұл туралы жобаны қолдап отырған Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Жобаның басты мақсаты – алматылық жастарға идеясын ұсынып қана қоймай, оларды өз күшімен жүзеге асыруға мүмкіндік беру.

«“Жастар қатысатын бюджет” мемлекет пен жастар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетігіне айналады. Бұл жоба әрбір белсенді алматылыққа идеясын нақты қалалық жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Қоғамдық кеңістіктерді көріктендіруден бастап экологиялық бастамаларға, цифрлық сервистерге, білім беру бағдарламалары мен мәдени іс-шараларға дейін жастардың өздері Алматыны одан әрі заманауи, жайлы әрі тартымды қалаға айналдыратын ұсыныстарын жүзеге асыра алады», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Жобаға Алматыда тұратын 18 бен 35 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтінімді жеке өзі немесе бастамашыл топ, жастар ұйымы не қоғамдық бірлестік құрамында беруге болады.

Өтінімдер jasalmaty.kz порталы арқылы электрондық форматта қабылданады. Қатысушылар порталға тіркеліп, өтінімді толтыруы, сондай-ақ жоба сипаттамасын, шығын сметасын, күнтізбелік жоспарды, таныстырылымды және өзге де қажетті құжаттарды жүктеуге тиіс.

Байқауға қалалық ортаны көріктендіру, инфрақұрылымды дамыту, экология, мәдениет, спорт, білім беру, цифрлық технология, жастар кәсіпкерлігі, туризм, медиа, инклюзия, психологиялық денсаулық және өзге де әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша бастамалар қабылданады.

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен құжаттар техникалық тексеруден өтеді. Кейін өтінімді құрамына Жастар саясаты басқармасының өкілдері, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері кіретін конкурстық комиссия қарайды.

Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – ашық онлайн дауыс беру. Сараптамалық іріктеуден өткен жобалар арнайы платформаға орналастырылады. Қазақстан тұрғындары оларға электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS арқылы растау арқылы дауыс бере алады. Әрбір пайдаланушы үш жобадан артық дауыс бере алмайды.

Бір жобаға бөлінетін қаржылай қолдау көлемі 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін болады. Бағдарламаның жалпы бюджеті – 90 миллион теңге. 12-ден 60-қа дейін жастар бастамасын қолдау жоспарланған. Әр жобаны жүзеге асыру мерзімі бір айдан үш айға дейін созылады.

Жоба аясында ондаған жастар бастамасы жүзеге асырылып, 500-ден астам алматылық жас қатыспақ. Сонымен қатар жастардың азаматтық белсенділігі артып, қаланың дамуына үлес қосуға дайын жаңа буын жастар көшбасшылары қалыптасады деп жоспарланып отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook