Нұрлан Ноғаев тазалық сақтамағандарға шара қолдануды тапсырды

Тұрғындардың шағымын ескерген Атырау облысының әкімі аудан әкімдерімен және коммуналдық қызмет жетекшілерімен селекторлық жиналыс өткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мен Telegram чат-каналына түсетін барлық ақпараттарды мұқият қарап отырамын. Атыраудан ғана емес, аудандардан да санитарлық тазалыққа қатысты түсетін шағымдар аз емес. Тұрғындарды қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сұрыптау жағдайы да алаңдатады, — деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл проблема барлық басшылардың бақылауында болуы тиіс. Бірінші кезекте қаланың Индер, Құрманғазы, Жылыой аудандарының басшылары осы мәселеге жіте мән берулері керек.

Көшеге тасталған қоқыс қала мен облыстың көркін кетіріп қана қоймайды, эпимедимологиялық жағдайға да әсер етеді.

Орталық көшелер таза болғанымен шағын көшелер назардан тыс қалып жатыр. «Арнаулы автобаза» ЖШС-н сенімді басқаруға бердік. Жұмыс істеңіздер, қала тазалығы сіздердің міндеттеріңізде, — деді Нұрлан Ноғаев.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан Экологиялық кодекс талабына сәйкес 2019 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтауға тыйым салынатынын атап өтті. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуден өткізу керек. Қазір облыс бойынша ҚТҚ сұрыптау үлесі — 16,7% (республика бойынша 11,5%).​

Қалада көрсеткіш 20%, Жылыой ауданында – 6% болып отыр. Қалған аудандарда бұл жұмыс тіпті жүріп жатқан жоқ. Биыл жергілікті бюджеттен осы жұмыстарды облыс бойынша жүргізу үшін қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз, — деді Қадыржан Арыстан.

Проблемалардың бірі – қалдықтарды табиғи қоқыс орнына тасу. Жағдайды тұрғындардың өздері қиындатып отыр, қоқысты кез келген жерге лақтыра салу әлі жойылмаған.​

Әкім тәртіп бұзғандарға шара қолдануды тапсырды. Әлеуметтік желілердегі парақшаларға фотодәйектер жіберу арқылы тұрғындар да көмектеседі.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Әлібек Қайыровтың айтуынша, жыл басынан бері осындай бұзушылықтың 500-ге жуық дерегі анықталған. Кінәлілер заңға қайшы әрекеті үшін 51 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл төлейді.​

Өңірімізді қоқыстан тазалау — бәрімізге ортақ жұмыс. Әрбір басшы осы жұмысты бақылауда ұстап отыруы керек. Қоқыс полигонын, сұрыптау цехтарын салу жоспарда бар. Бірақ бұл жобалар жүзеге асқанға дейін қол қусырып қарап отырмауымыз керек. Аймақтың санитарлық — эпидемиологиялық жағдайы барлық жауапты тұлғалардың үнемі бақылауында болуы тиіс, — деді аймақ басшысы.