Қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Қытай мен Қырғызстанға жаңа халықаралық рейстерді іске қосты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстан халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және рейстер санын арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
- 2026 жылғы 26 маусымнан бастап FlyArystan Ақтау – Үрімші бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастады. Ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері Airbus A320 әуе кемелерімен қатынайды.
- Ал 3 шілдеден бастап Астана – Ыстықкөл бағыты бойынша жаңа тұрақты рейстер іске қосылды. Бұл бағыттағы рейстер де аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері Airbus A320 ұшақтарымен орындалады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа халықаралық бағыттардың ашылуы Қазақстанның Қытай және Қырғызстанмен сауда-экономикалық, туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарын нығайтуға, сонымен қатар жолаушылар үшін халықаралық сапар мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.
