Қазақстан мен БАӘ-нің ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, құжатқа 2026 жылғы 25 маусымда Абу-Даби қаласында қол қойылған. Меморандум 2026 жылғы 25 шілдеден бастап күшіне енеді.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, келісім екі негізгі жағдайды қарастырады.
Біріншісі – азаматтардың туристік, іскерлік немесе жеке мақсатпен уақытша сапарлары. Мұндай жағдайда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бір-бірінің қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара таниды. Бұл Қазақстан азаматтарына БАӘ аумағында өздерінің жарамды ұлттық жүргізуші куәлігімен автокөлік басқаруға мүмкіндік береді. Екінші жағдай – Қазақстан азаматының Біріккен Араб Әмірліктеріне тұрақты немесе ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алуы. Бұл ретте жүргізуші куәлігін жергілікті куәлікке емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға болады, — делінген хабарламада.
Жаңа меморандум екі ел арасындағы көлік қатынасын жеңілдетіп, Қазақстан азаматтарының Біріккен Араб Әмірліктерінде көлік пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
