Қырғызстан суретшісі «Нұр Отан» съезінде айтылған мәселелерге пікірін білдірді

КСРО Суретшілер одағының және Қырғызстан Суретшілер одағының мүшесі, Нұрсұлтан Назарбаев пен Астананың сериялық портреттерінің авторы, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Сапарбай Осмоналиев те Қазақстандағы жетекші саяси партияның жаңа бағдарламасына және кезекті съезде айтылған әлеуметтік бастамаларға бағасын берді. 

Кеше Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII  съезін «Хабар» арнасы арқылы көріп шықтым. Съезде қаралған «Қоғамдық игіліктер: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партия бағдарламасы Қазақстанның қазіргі өзекті мәселелерін шешуге тікелей бағытталған деп айтуға болады.

Бұл орайда, әсіресе, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік, мәдениет, тағы басқа салаларда жұмыс істейтін қызметшілердің жалақысын көтеру — көптеген ел үшін ортақ проблема. Мәселен, ТМД елдеріндегі мәдениет саласы қызметшілерінің, оның ішінде суретшілердің, жазушылардың және басқа да шығармашылық сала мамандарының айлық табысы аса жоғары емес екені белгілі. Қылқалам шеберлерінің жалақысы көбейіп жатса, олардың еліне берер еңбегі де еселене түсетініне сенімдімін.

Осы әлеуметтік салаға ұлттық қор мен бюджеттен 2 триллионнан артық қаражат бөлінеді деп айтылды. Бұл бюджеттің барлық шығыстарының 45%-ы деген түсіндірмелер де берілді. Бұл, меніңше, бұрын-соңды болмаған көп қаражат сияқты.

Тағы бір айта кететін жайт, жиын кезінде аналардың, көпбалалы аналардың, мүгедек балалардың жағдайын көтеру жөнінде де қыруар мәселе көтерілді. Шынына келгенде балалардың дүниеге көптеп келуі, осы арқылы мемлекеттің адами ресурстар жағынан күшеюі — мұның бәрі тікелей аналарға, олардың жағдайының жасалуына тікелей байланысты деп білемін. Қазақстанда әр балаға төленетін жөргекпұл бұдан бұрын да іске асырылып жатқанын естігем, енді оларды қолдауға қосымша қаражат бөлініп жатса, нұр үстіне нұр.

Съезде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі мемлекеттік даму бағдарламасы қабылданды. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «жария етілген барлық міндет орындалуы тиіс» деген нақты тапсырмасы съезде айтылған мәселелердің уақытылы атқарылатынын білдірсе керек.