Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының даму перспективалары талқыланды.
ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы: іске асыру нәтижелері мен даму болашағы» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинарға ҚР Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы және Шығыс Қазақстан облысы әкімдерінің орынбасарлары қатысып, бағдарламаны іске асыру жолдары мен нәтижесі туралы ойларын айтты.
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы — халықтың өткені, бүгіні мен болашағын байланыстыруға бағытталған ауқымды платформа.
Аталған бағдарлама барша халыққа арналған және онда қоғам өмірінің барлық саласы қамтылған. Сондықтан бағдарламаға барша құрылымның белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет, — деді Дархан Кәлетаев.
Министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалану, сарапшылар кеңесін тарту, креатив топтармен байланысу сияқты бірнеше нақты ұсыныс айтты.
Семинар-кеңес 29 қыркүйекте бітеді. Сонымен қатар семинар аясында «Туған жер», «100 жаңа есім«, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу» және «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу құралы» тақырыптарында панельдік сессиялар өткізу жоспарланды.