Ауған соғысының ардагерлері студенттермен кездесті

Алматыда ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шарада студенттерге «Ауған соғысы: кеше және бүгін» тақырыбында өнегелі әңгіме айтылды.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастардың тарихы мен батырларын ұмытпай, дәріптеуі де рухани жаңғырудың бір түрі деген болатын.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді, -делінген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында.

Ұйымдастырушы «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі ардагерлердің ерлік, батырлық және патриоттық туралы өсиетін тыңдауға Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінің студент жігіттерін арнайы шақырған.

ауған соғысы ардагері
Фото: «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі

Біз ауған соғысының қаншалықты қиын болғанын түсіндік. Қазақ батырларының қаны төгіліп, ерен ерлігімен келген жеңістің арқасында бүгін бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бүгінгі кездесудің біз үшін маңызы зор болды. Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызға шүкіршілік етіп, бізге осындай бақыт сыйлаған ардагерлерді өле-өлгенше құрметтеуіміз керек, — дейді  3-курс студенті Еркінбек Жәнібек.

Кездесу ерлік, батырлық туралы ғана емес, Қазақстандағы өршіп тұрған діни экстремизм және терроризм туралы мәселені талқылап, жастарға ақыл айтты.

ауған соғысы ардагері
Фото: «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі

Жастармен кездесуде көбіне діни экстремизмнің зиянын, қасіретін айтып жүремін. Олар алданып қалмаса екен деймін. Еліміздің болашағы білімді жастардың қолында. Ешкімге мешітке барма демеймін, өзімізде әр жұмада барып тұрамыз. Дегенмен жастар бірінші кезекте оқуды ойлауы керек, -дейді ауған соғысы ардагері, подполковник Серікбай Баймолдинов.

Айта кетейік, келесі жылы 15 ақпанда ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл болады.

Өнегелі кездесуді Алматы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі ұйымдастыры.

Ауғанстан мұсылман мемлекеті болғандықтан сол діншілдіктің кесірінен күйреп кетті. Қазіргі уақытта Сирияда, Иракта болып жатқан соғыстың артында да осы діншілдік тұр. Біз де зайырлықтан бас тартып, ислам мемлекеті болсақ Қазақстан да Сирияның күйін кешпесіне кім кепіл. Сондықтан кездесу барысында ауған соғысының ардагерлері арқылы жастарға діншілдіктің арты неге апаратынын түсіндіргіміз келеді, — дейді ұйымдастырушы, «Адырна» бірлестігінің жетекшісі Арман Әубәкір.

Айта кетейік, Президенттің «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында да осы діни экстремизм мен терроризмді цифрландыруды тапсырған еді.

Назарбаев Үшінші жаңғырудың бесінші басымдығында киберқылмыспен, діни экстремизммен және терроризммен күрестің өзектілігін айтты. Ол Жолдауда Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мақсаты ақпараттандыру және байланыс саласында қоғам мен мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды пайдалануы кезінде олардың жеке өміріне қолсұқпаушылықты қорғау болып табылатын «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын дайындау жөнінде тапсырма берді.