«100 жаңа есім» жобасына үміткер ұсыну тәртібі өзгерді

«100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өтініш қабылдау басталды. Енді үкіметтік емес ұйым өкілдері де үміткерлерді ұсына алады. Алматы ішкі саясат басқармасының ұсынысымен бүгін жергілікті қоғамдық бірлестіктер жобаға лайық санайтын азаматтары туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Биыл жаңа есім таңдауда үкіметтік емес ұйымдарға басымдық беріліп отырғанын айта кетейік.

Бұл жоба өткен жылы өте сәтті аяқталды. Енді бізде өз бірлестігіміздің атынан өзгелерге үлгі боларлықтай, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан азаматтарды үміткер ретінде ұсынуға құқық бар. Олар туралы өзіміз үгіт-насихат жүргізіп, халықтың дауыс беруін қадағалаймыз, — дейді «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов.

Оның айтуынша, нағыз «100 жаңа есім» қатарына қосылуға лайық азаматтар қызметінен босай алмай жүр. Сәйкесінше, үгіт-насихат жүргізіп, дауыс жинауына уақыты жоқ.

Сондықтан біз үкіметтік емес ұйым ретінде сондай азаматтарды тауып, жаңа есім ретінде ұсынамыз, — дейді Дәурен Бабамұратов.

Өткен жылғы Қазақстанның «100 жаңа есімінің» қатарына 20 алматылық кірген. «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова жұртшылықты биыл да жобаға белсене қатысып, сайысқа түсетін талантты жастардың санын көбейтуге шақырады.

Өткен жылы алматылықтар бұл жобаға белсене қатысып еді. Бұл жолы да үміткерлерді көбірек, әсіресе, жастарды ұсынуымыз керек. Мысалы, біз биыл халықаралық жарыстар жеңімпазы, Қазақстанды әлемге танытып жүрген жас шахматшы Жансая Әбдімәлікті ұсынғалы отырмыз. Жансая осы жылы 18 жасқа толды. Жоба талаптарына да толық сәйкес келеді. «100 жаңа есім» бұл — біздің заманымыздың батырлары, — дейді Айсұлу Ерниязова.

Сонымен қатар брифингке «Болашақ» қауымдастығының мүшесі, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығының кардиохирургы Бауыржан Рақышев пен жетекші студенттердің G-38 өзін-өзі басқару бірлестігінің төрағасы Шыңғыс Ерсоветов қатысты.

Негізгі мақсат — еліміздің рухани түрде дамуына үлес қосу. Азаматтардың ұлтына, дініне, жынысына қарамастан тек ісімен, атқарған тірлігімен өзгелерге үлгі боларлық азаматты неге халыққа танытып, жастардың санасына сіңдірмеске, — дейді Бауыржан Рақышев.

Ал жастар бірлестігінің төрағасы Шыңғыс Ерсоветов «100 жаңа есім» қатарына Қазақстан тарихындағы жүзуден тұңғыш Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинді ұсынатынын айтты.

Айта кетейік, «100 жаңа есім» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы 6 жобаның бірі.

Жобаның мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау. Әр қоғамдық ұйым, бірлестік кәсіби жетістіктері бар үміткерлерін ұсына алады. Сонымен қатар үміткерлер өзін ұсынуға мүмкіндігі бар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бүгінгінің батырларының жетістіктерін насихаттап, «100 жаңа есім» жобасын іске асыруды тапсырған еді.

Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ, — делінген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында.

Жобаға қатысу үшін ұсыныстар қарашаның ортасына дейін 100esim.el.kz сайтында қабылданады.