Астана күніне орай елордада тұрғындар мен қала қонақтарына арналған ауқымды спорт іс-шаралары ұйымдастырылады. Бағдарлама бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және барлық жас санатындағы азаматтардың белсенді демалысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астана күніне орай өтетін чемпионаттар
Спорт іс-шаралары бүгіннен басталды. Алғаш болып «Толқын» спорт кешенінің жанындағы ескек есу арнасында байдарка және каноэде есуден Астана қаласының дәстүрлі чемпионаты өтеді. Жарыс 4 шілдеге дейін жалғасады.
3 шілдеде «Аспан» спорт кешенінде ересектер арасында асық атудан республикалық командалық чемпионат басталады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысады. Турнирдің салтанатты ашылуы 4 шілдеге жоспарланған, ал жеңімпаздар 6 шілдеде анықталады.
Kids RUN жарысы
4 шілдеде Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында 6–15 жас аралығындағы балаларға арналған Kids RUN жарысы ұйымдастырылады. Қатысушылар 300, 500 метр және 1 шақырым қашықтықта бақ сынайды. Қазір reg.elordasport.kz сайтында тіркелу жалғасып жатыр, қатысушылар саны мың адаммен шектелген. Барлық қатысушыға естелік медаль табысталады.
Сол күні «Ұлытау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Жілік сындыру» ұлттық ойынынан республикалық турнир өтеді. Сонымен қатар Sana Sport кешенінің жанындағы скейт-паркте Urban Fest көше спорты фестивалі ұйымдастырылып, скейтбордиң, BMX, ролик және самокат спортынан түрлі іс-шара өтеді.
SARYARQA RUN жарысы
5 шілдеде «Сарыарқа» ауданында «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында SARYARQA RUN бұқаралық жүгіру жарысы өтеді. 16 жастан асқан қатысушылар 4 және 7,6 шақырымдық қашықтықта жарысады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шараға шамамен 1800 адам қатысады.
Мереке күндері қаланың барлық ауданында әуесқойлар арасында волейбол турнирі, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорт бағдарламалары, отбасылық эстафеталар, гір көтеру, асық ату және арқан тартудан жарыс өтеді.
Мерекеге орай өтетін басты жарыстар
6 шілдеде Триатлон паркінде 14–15 жастағы жасөспірімдер арасында «Жас Қыран» күрес фестивалі ұйымдастырылады. Жарыс бағдарламасына еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо және грэпплиң енген.
Сол күні «Хан Шатыр» маңында балалар мен ересектер арасында «Астана сақасы» асық ату жарысы өтсе, Қорғалжын саябағы мен Астана қаласы әкімдігі алдындағы алаңда ұлттық спорт түрінен бұқаралық сайыстар ұйымдастырылады.
Мерекелік спорт бағдарламасы дәстүрлі «Толағай» алыптар турнирімен қорытындыланады. Биыл жарысқа еліміздің ең мықты 20 палуаны қатысып, тас көтеру, арба тарту, зілтемірді ұстап тұру және өзге де күш сынасу кезеңдерінде бақ сынайды.
Жазда елорда тұрғындарына арналған спорт іс-шаралары
Сонымен қатар жаз мезгілінде елордада тұрғындарды бұқаралық спортқа тартуға бағытталған әлеуметтік жобалар жалғасады. Қаланың саябақтарында йога мен скандинавиялық жүрістен тегін жаттығулар өтіп жатыр. Барлық алты ауданда Aula Fit жобасы іске асты. Ал шілде айының ортасында балалар мен жасөспірімдерге арналған Aula Football жобасы басталады. Бұдан бөлек, «Өзіңнен баста!» және Street Workout жобалары аясында да тұрақты жаттығулар ұйымдастырылып келеді.
