Елорда күніне орай Астанада асық атудан Қазақстан Республикасының XII команда чемпионаты өтеді. Дәстүрлі республикалық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылар қатысады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Чемпионат 3-6 шілде аралығында өтеді. Жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 120 спортшы қатысып, ел чемпионы атағына бақ сынайды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі 4 шілде күні сағат 12:00-де «Аспан» спорт кешенінде өтеді.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған команда келесі жылы өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Ал екінші және үшінші орын иегерлері Әлем кубогында Қазақстан намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына да қабылданады.
Чемпионаттың жабылу салтанаты және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 6 шілде күні сағат 11:00-де өтеді.
Айта кетейік, асық атудан Қазақстан Республикасының XII командалық чемпионаты Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Турнир мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу және қазақ халқының дәстүрлі ойындарын сақтау мен дәріптеу.
