Қазақ ұлттық өнер академиясында рухани жаңғырудың мүмкіндіктері талқыланды

Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Цифрлық Қазақстан» – экономиканың жаңа моделі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Жиынға академияның оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, саяси ғылымдар докторы Шәріпбек Әмірбеков, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қабыл Халықов және «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының өкілдері мен академияның оқытушы-профессорлар қатысты. Олар Қазақстандағы ұлттық өнерді дамыту, сәндік үрдістерін көпшілікке таныстыру және шығармашылықтағы ұлттық сарындарды дәріптеу туралы мәселелерді талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауы аясында қоғамдағы рухани құндылықтар мәселесі, рухани жаңғырудың жаңа міндеттері мен мүмкіндіктері туралы пікірлер айтылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Адами капитал – жаңғыру негізіне» айрықша мән беруінің себебі, қазіргі қазақстандық қоғамдағы рухани құндылықтар мәселелері, рухани жаңғырудың жаңа міндеттері мен мүмкіндіктері қазақ өнерінің діңгегінде жатыр. Әрине, біздер, ұстаздар қауымы үшін жетінші міндетте адами капиталды қалыптастыру, дамыту бағытында тапсырмалар мен жүзеге асыратын іс-қимылдар нақты көрсетілген. Сонымен қатар білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту барысында да көптеген игі іс-шаралар бар, – деді Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қабыл Халықов.

Сонымен қатар академияда «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің ұйымдастыруымен студенттердің шығармашылық көрмесі өтті. Факультет магистранты, фотограф Оңғарбек Алхаровтың көрмесі көпшілікке таныстырылды. Заманауи цифрлық пішіндегі фотолардың көлемі ауқымды әрі көркем классикалық нақышта түсірілген.