Басты бет / Жаңалықтар /
Тоқаев, Мұхаммед Сулейман Әл-Жассер
Фото: Ақорда

Ислам даму банкі Қазақстанға 4,2 млрд доллардан астам қаржы бөлген

Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Жассермен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы бірлескен жобаларды талқылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің Қазақстанның ұлттық даму басымдықтарын қолдайтын сенімді стратегиялық серіктеске айналғанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінге дейін банк Қазақстанға 4,2 миллиард доллардан астам қаржы бөлген. Ал қазіргі және жоспарланған жобалардың жалпы портфелі 3 миллиард доллардан асады.

Президент су инфрақұрылымы, көлік байланысы және индустриялық даму салаларындағы маңызды жобаларды қолдағаны үшін қаржы институтының басшылығына алғыс білдірді.

Атап айтқанда, кейінгі жылдары Ислам даму банкі өз тарихындағы ең ірі қаржыландыру пакетін мақұлдаған. Оның құрамына жалпы құны 1,15 миллиард доллар болатын су ресурстарын дамыту бағдарламасы және Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктердің инфрақұрылымын дамытуға арналған 1,3 миллиард долларлық негіздемелік келісім кіреді.

Кездесу барысында тараптар 2027–2032 жылдарға арналған жаңа стратегиялық серіктестік шеңберіндегі ынтымақтастық перспективаларын да талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ислам даму банкімен ұзақмерзімді институционалдық серіктестікті одан әрі нығайтуға және қолайлы инвестициялық саясат жүргізуге ниетті екенін растады.

Сонымен қатар президент Ислам даму банкі тобының жыл сайынғы кездесуін 2028 жылы Қазақстанда өткізу туралы ұсынысты қолдады. Ақорданың мәліметінше, бұл ауқымды инвестициялық іс-шараға банкке мүше елдердің, халықаралық қаржы ұйымдарының және шетелдік инвесторлардың өкілдері қатысады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram