2018 жылы қаражатты қайда жұмсаған дұрыс?

Биткоин мен криптовалюта төңірегіндегі сұраныс 2017 жылдың басты жаңалығы болғаны сөзсіз. Биткоиндардың құны 2018 жылы қанша болмақ деген сауал әркімнің көкейінде жүргені анық. Ендеше биткоиндарға қаржы құю қаншалықты қауіпсіз?..

КРИПТОВАЛЮТА

«bitcoinforecast» сайты 2018 жылдың сәуір айында олардың құны 33 275 долларға жететінін жазады. Қазіргі уақытта оның есептік құны — 11 880 доллар.

«Егер біз көрсеткіштерді осылай жалғастыра беретін болсақ, 2018 жылдың соңында және 2019, 2020 жылдары оның құны $70 000, $270 000 және $800 000 долларға жететінін көреміз. Бұл — адам нанғысыз шарықтаған бағалар. Бұдан қаржы активін емес, шар үрлегендей желді көреміз. Әрине, бағалар биткоиндардың таралуынан өсіп отыр, алайда мен биткоин курстарының шарықтай береріне сенімді емеспін. Бұл жерде психологиялық фактордың рөлін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, cointelegraph сайтының сауалнамасына сүйенсек, ходлерлер биткоинның бағамы 196 000 долларға жеткенде сатуды жоспарлағандарын айтқан», — деп ескертеді Ресей мен ТМД елдері үшін «eToro» инвесторлар әлеуметтік желісінің сарапшысы Михаил Мащенко.

АЛТЫН

Қазақстандағы алтынның барлық қоры қазіргі уақытта 7 643 трлн долларға бағаланып отыр (алтынның үштік унциясын 1 256 доллар бағамы бойынша есептегенде). Айта кетейік, әлемдегі алтын қорының 35 пайызы (2, 600 трлн доллар) қазіргі уақытта нарықта сатылуда.

ТЕҢГЕДЕГІ ДЕПОЗИТТЕР

Криптовалюта төңірегіндегі болжамдар күдік ұялатып, қауіп тудырса, ұлттық валютамыздың жағдайы әлдеқайда сенімдірек. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында сауалнама жүргізген болатын. Желтоқсан айындағы сауалнамаға 14 сарапшы қатысты. Олардың пікірінше, 2018 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне 65,1 доллар болады деп күтілуде. Сарапшылар қоғамдастығының бағалауынша, 2018 жылдың соңына қарай Ресей рублі долларға шаққанда 59,1 рубль деңгейін еңсермек. 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, рубльдің теңгеге шаққандағы бағасы рубліне 5,7 теңге деңгейінде орын алатын секілді. Ал 2018 жылдың соңына қарай Қазақстан қор биржасындағы (KASE) рубль бағасы тағы да 10 тиынға қымбаттап, 5,8 теңгеге жетуі мүмкін.

2018 жылдың соңына қарай баға 1 АҚШ долларына 339,9 теңге деңгейін құрауы мүмкін. Келер жылы ҚР Ұлттық банкі инфляцияны 5-7% деңгейінде шектемек. Бұл ретте, сарапшылар 2018 жылдың қорытындысында инфляция деңгейі 6,2%-ды құрауы мүмкін деген болжамды алға тартуда. Базалық мөлшерлемеге келгенде сарапшылардың болжамы қақ жарылды. Олардың пікірінше, базалық мөлшерлеме 10% немесе 10,25% аралығында болмақ. Келер жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша нақты шешім 2018 жылдың 15 қаңтарында жарияланады. 2018 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеме 9%-ға жақындайды.

БИРЖА

Жаңа жылдан бастап, биржада делдалдар валюта сата алады. Сонымен қатар, KASE Қор биржасы биржаға ойыншыларды көбірек тартуды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, 2017 жылдың 1 маусымынан бастап, KASE жаңа ереже енгізген болатын. Ереже капиталы қомақты емес компаниялардың да биржа қорына қатысуына мүмкіндік бермек.

«Қазіргі уақытта біз қаржы нарығындағы қатысушылардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазір биржаға айырбас операцияларына лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер ғана кіре алады. Ұлттық бакнпен бірлесе отырып, қатысушылар санын арттыруды соның ішінде, кәсіби делдалдарды тарту мәселесін қарастырып отырмыз. Делдалдар клиенттерінің сұранысын өтеу үшін валюталарды сата алады. Біздіңше, бұл топқа жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер де кіре алады»,- деді KASE-нің басқарма төрағасы Алина Алдаберген.

СТАРТАПТАР

Өз кәсібіңді бастау немесе өзгенің стартап жобасына қаржы құю әрине, айтарлықтай тәуекелге баруды талап етеді. Алайда, кейбір стартап жобалар нәтижелі болып, кейін ірі компанияларға сатылып жатады.

«Инвестицияның рөлі зор, дегенмен бір істі бастауға айтарлықтай ірі соманың да қажеті жоқ. Кейде 25 мыңнан 100 мың долларға дейінгі инвестиция да жеткілікті болады. Әлбетте, кез келген бастамада ерекше инфрақұрылым табыла бермейді, ең маңыздысы — жобаның жүзеге асатынына сенім керек», — дейді сала сарапшылары.

Дереккөзkazinform.kz