Қазақстанда ішкі және сыртқы туризм дамып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында елге шет елден 3 миллион саяхатшы келген.
Елде инфрақұрылым дамып, қонақүйлер мен демалыс орындарының саны да көбейген. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, турист көп келген демалыс аймақтарының басында Алматы тау туризмі тұр. Baribar.kz ресми статистикаға сүйене отырып, елдегі ең танымал демалыс бағыттарына шолу жасады.
Қазақстанға қанша турист келді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға шетелден 3 миллион саяхатшы келген. Ал осы кезеңде 2,47 миллион Қазақстан азаматы шетелге сапарлаған.
Бюроның дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанға шетелден 15,7 миллион азамат келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,1%-ға көп.
Шетел қонақтарының басым бөлігі көршілес мемлекеттерден келеді. Атап айтқанда:
- Өзбекстан – 1,1 миллион адам;
- Қырғызстан – 723,5 мың адам;
- Ресей – 564,7 мың адам.
Ең танымал ТОП-5 демалыс бағыты
«2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында орналастыру орындарында 2 миллион қонақ тоқтады. Оның ішінде 802 мыңнан астам адам Қазақстанның курорттық аймақтарын таңдаған», – деп мәлімдеді Ұлттық статистика бюросы.
Туристер таңдаған танымал бағыттардың алғашқы бестігі:
1. Алматы тау туризмі – 509,3 мың адам;
2. Щучинск-Бурабай демалыс аймағы – 116,7 мың адам;
3. Маңғыстау демалыс орны – 53,3 мың адам;
4. Түркістан туризм аймағы – 39,4 мың адам;
5. Алтай демалыс орны – 30,3 мың адам.
Бұл көрсеткіштер Алматы маңындағы таулы демалыс орындарына сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Ал Бурабай, Маңғыстау және Түркістан бағыттары да туристер арасында танымал болып отыр.
Инфрақұрылымның дамуы
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда қонақүйлерді, демалыс базаларын және басқа да демалыс орындарын қоса алғанда 4 505 нысан жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 192 нысанға көп.
2026 жылдың алғашқы үш айында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 69,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары.
Қонақүйлер саны артып келеді
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, елімізде қонақүй саласы да қарқынды дамып келеді.
Кейінгі жылдары Қазақстанда:
- 23 бес жұлдызды қонақүй;
- 45 төрт жұлдызды қонақүй;
- 26 үш жұлдызды қонақүй жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіштер туристік инфрақұрылымның біртіндеп кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
