Не болды?
Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіріп, өңдеумен айналысқан қылмыстық топ әшкере болды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, топ құрамында 63 адам болған, олардың 13-і – шетел азаматты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Polisia.kz дерегінше, тергеу барысында қылмысты ұйымдастырушылар мен оған қатысы бар адамдар анықталды. Тінту кезінде бірнеше автокөлік, арнайы техника, 40 мың АҚШ долларынан астам қолма-қол ақша, алтын құрамды шикізат пен дайын алтын тәркіленді. Сонымен қатар заңсыз қызметті дәлелдейтін құжаттар мен басқа да заттай айғақтар алынды.
Заңсыз қазба жұмыстары өңірдің экологиясына айтарлықтай зиян келтірген. Салдарынан топырақ қабаты бүлініп, табиғи ландшафт өзгерген және жердің экожүйесіне кері әсер тиген. Шығын көлемі арнайы сараптама арқылы анықталып жатыр, — делінген ІІМ хабарламасында.
Қазір бағалы металдардың заңсыз айналымы және экологиялық заңнаманы бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін тиіс құқықтық баға беріледі.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қостанайда заңсыз тасымалданған 24 тонна этил спирті тәркіленді.
