Жаздың күні тұмаумен ауырмау үшін не істеу керек?

Жаздың күні ауырып қалмас үшін не істеу керек? Ыстық күнде қалай суық тиюі мүмкін? Салқындатқыштың жанында ұзақ отыру, суық суға шомылу, салқын су ішу — осының бәрі жаз айындағы ауруларға себеп болып жатады. Жаз айындағы тұмау ұзақ уақытқа созылып, демалысыңыздың шырқын бұзуы мүмкін. Сондықтан, мына қарапайым қағидаларды есте сақтаңыз.

Кондиционердің зияны

Ыстық күнде салқындау үшін кондиционердің көмегіне жүгінеріміз анық. Алайда, бөлмеде кондиционер қоспас бұрын есік-терезелерді жауып қойыңыз. Сырттан келетін жел мен іштегі салқын ауа ауруға себепші болады. Кондиционердің температурасы мен сырттағы ауа температурасы 5-10 градус айырмашылық жасаса да жеткілікті. Қатты ыстықтап келіп, салқындатқыштың түбіне отыра қалуға да болмайды.

Жылы киіну

Күн райын күнделікті бақылап жүріңіз. Жайдары жаздың өзінде аяқ астынан күн суытып, жаңбыр, бұршақ жауып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, алдын ала ауа райы болжамын бақылап, қажет жағдайда қолшатыр мен жылы киімдеріңізді ұмыт қалдырмаңыз.

Салқын су ішпеңіз

Күннің ыстығында жиі шөлдейтініміз айтпаса да белгілі. Шөл басу үшін салқын су ішіп, балмұздақ жегенді дұрыс көреміз. Салқын су мен балмұздақтың кесірінен тісіңізге де, тамағыңызға да зиян келуі мүмкін. Сондықтан, шөл басу үшін көк шай, лимон суы мен басқа сусындарды пайдаланған жөн. Ал ішетін суыңыз бөлме температурасымен бірдей болсын.

Терлеп тұрып суға түспеңіз

Жаз айында суға шомылуға не жетсін! Алайда, терлеп тұрып салқын суға түсуге болмайтынын естен шығармаңыз. Тіпті, душ қабылдағанда да, жылы суға шомылыңыз.