Басты бет / Жаңалықтар /
Жұмыссыздық
Фото: 7kun.kz

Жұмыссыздарға мүмкіндік: мемлекеттен 125 мың теңге қалай алуға болады?

Қазақстанда уақытша жұмыссыз азаматтар жаңа мамандықты тегін меңгеріп қана қоймай, оқу кезеңінде 125 мың теңгеге дейін мемлекеттік қолдау ала алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды.

Оқу мерзімі – алты айға дейін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыссыз азаматтарға арналған қысқа мерзімді кәсіп оқыту бағдарламасын іске асырып жатыр. Бағдарлама мақсаты – еңбек нарығында сұраныс бар мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік беру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу.

Қысқа мерзімді кәсіп оқыту алты айға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушыларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі.

Бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтар жалпы 125 749 теңгеге дейін төлем ала алады. Бұл сома бірнеше төлем түрінен құралады:

  • ай сайынғы шәкіртақы – 43 574 теңге;
  • жол жүру шығындарына өтемақы – 17 300 теңге;
  • тұру шығындарына өтемақы – 64 875 теңгеге дейін;
  • міндетті медицина тексеру шығындарын мемлекет толық өтейді.

Оқумен қатар жұмыс істеуге де болады

Министрлік теорияны тәжірибемен қатар алып жүруді қалайтын азаматтарға да мүмкіндік қарастырған.

Бағдарламаға қатысушылар жаңа кәсіпті тікелей жұмыс орнында меңгере алады. Бұл жағдайда оларға 86 500 теңге көлемінде жалақы төленеді.

Курстарды онлайн оқуға мүмкіндік бар

Жаңа мамандықты қашықтан оқығысы келетіндер үшін Skills.enbek.kz платформасында тегін онлайн курстар қолжетімді.

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 37 мыңнан астам жұмыссыз азамат пайдаланған.

Зейнет жасына жақындаған азаматтарға да қолдау көрсетіледі

Бұған дейін Еңбек министрлігі зейнет жасына жақындаған азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған қосымша шараларды іске қосатынын хабарлаған болатын.

Жұмыспен қамту орталықтары бұл санаттағы азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынатын болады. Жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында олардың еңбекақысының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram