Басты бет / Жаңалықтар /
Саяхат, турист, турагент
Фото: ЖИ

Саяхатқа шыққанда жатын орнын қалай таңдау керек?

Туристер саяхат кезінде қаржысының көп бөлігін жатын орнына жұмсайды. Дегенмен дұрыс жоспар болса бұл шығынды азайтуға болады. Турагенттігі бар Наргиза Аршидин саяхатқа тиімді кеңес беріп, туристерге қажет дүние айтты. Саяхатшылар жиі жіберетін қате қандай, қалай артық шығын шығармауға болады? Baribar.kz  тілшісі мұндай сұрақтардың жауабын Наргизадан сұрап білді.

Ерте брондау – тиімді шешім

Сапар күні белгілі болғаннан кейін қонақүй немесе басқа жатын орнын алдын ала брондаған жөн. Ертерек жалдау арқылы арзанырақ бағаға түрлі ұсыныс қарастыруға болады. Әсіресе, демалыс маусымында сұраныс артқан сайын баға да жылдам өседі.

Турист саяхатын бір-екі ай бұрын жоспарласа, жатын орнын да бірден тауып, жалдап қойғаны абзал. Әр елдің туризм маусымы қызған сәтте қонақүй, пәтер сынды орындар қымбаттайды. Сонымен қатар баруды жоспарлап отырған елде айтулы іс-шара, мереке, концерт, әлем көз тіккен жарыс болса, қонақүй әкімшілігі бағаны өсіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан жоспар кұрған елде алда қандай маңызды күндер болатынын біліп алу керек, — дейді турагент Наргиза Аршидин.

Наргиза Аршидин
Наргиза Аршидин. Фото жеке архивінен ұсынылды

Қонақүйден өзге баламаны да қарастырыңыз

Пәтер немесе апартамент жалдау кей жағдайда қонақүйден тиімдірек болуы мүмкін. Әсіресе асүйі бар тұрғын үйді таңдасаңыз, тамақты өзіңіз әзірлеп, мейрамхана шығынын азайтасыз.

Сізге тек түнеп шығатын орын қажет болса, хостел де — үнемді нұсқа. Бағасы қалта көтергенімен, жеке кеңістік шектеулі болуы мүмкін. Бұл аз уақытқа жоспарланған немесе жиі көшіп-қонатын саяхатқа қолайлы.

Орналасқан орныңыз орталықтан қаншалық алыс?

Көпшілік арзан болған соң қала шетіндегі қонақүйді таңдайды. Алайда кейде жол жүруге кететін уақыт пен көлік шығыны тиімсіз болып шығады. Үлкен қалаларда жолға күніне бірнеше сағат кетіп қалуы мүмкін.

Қала орталығынан шет орналасқан қонақүйді саяхатқа көп шығын жұмсамайтын елде таңдау керек. Мәселен, Виетнам сынды елге төрт-бес адамнан құралған топпен барсаңыз, орталықтан алыстау аумақта тұруға болады. Онда кететін шығын аз. Көлік қозғалысы дамыған, бір жерден екінші жерге тез-ақ жетесіз. Ал Дубай секілді қымбат елге барғанда, барынша орталыққа жақын болған дұрыс. Себебі такси тым қымбат, қаланың көрікті жерлерін шалғай ауданнан келіп көру қалтаға ауыр болуы мүмкін. Баратын елдегі жолақы құнын да біліп алу керек. Әдетте, такси жүргізушісі туристер жиі баратын ауданға қымбат апарады, — дейді турагент.

Сондықтан қоғамдық көлікке жақын орналасқан нұсқаны таңдаған тиімді. Бұл такси шығынын азайтып, сапардың бюджетін жоспардағыдай қылады.

Қонақүй таңдаған кезде баратын қалаңыздың аудан, көшесімен танысқан абзал. Әр қаланың жергілікті тұрғыны тұратын немесе туристер шоғырланған, белсенді немесе тыныш демалыс өткізуге қолайлы ауданы бар. Сапарыңызды уақытынан бұрын жоспарлап, аралайтын жерлеріңізді топтап алсаңыз, тұратын қонақүйді де сол аумаққа жақын таңдау керек. Бұл – қаражатыңызбен қоса уақытыңызды үнемдеп, қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етеді.

  • Ескеретін жайт: қонақүй мен апартаментке 14:00 немесе 15:00-де кіріп, орналасуға болады. Ал ертеңіне 11:00 немесе 12:00-де босату керек. Сондықтан түнгі, таңғы рейстен түскенде бірден жалдаған орныңызға бару үшін бөлмені/пәтерді бір күн ерте алу керек.

Жатын орнын сайт арқылы брондау

Турагенттің айтуынша, жатын орнын арнайы сайттан брондау кезінде ақшаны кері қайтара алатын немесе бірден төлем сұрамайтын нұсқаны қарастырған дұрыс. Мұндай жағдайда жоспарыңыз өзгерсе, қонақүйден жалдаған нөміріңізді ауыстырып, броннан бас тартуға болады. Тағы ескеретін жайт, салық пен қосымша шығын брондау кезінде жалдау ақысына қосылған нұсқаны таңдау туриске ыңғайлы. Бұл шығын брондау құнына кірмесе, турист мұны бөлек төлеуге дайын болуға тиіс. Сондықтан арнайы сайттан жатын орнын жалдау кезінде ұсыныстан бас тарта алу мен артық шығынның барынша болмауын ескерген жөн.

Booking және Agoda қонақүй, апартаментті брондауға тиімді сайттардың қатарында тұр. Ал Tripadvisor, Tophotels сайтында қонақүйге қатысты пікір, шынайы фото мен рейтиңді қарауға болады. Рейтиң 4,0-ден жоғары болса, ыңғайлы жатын орнын таптың дей берсеңіз болады, — дейді Наргиза.

Жеңілдік мен кәшбәк

Көп банк пен төлем жүйесі қонақүй ақысын төлеген кезде кәшбәк ұсынады. Кейде аз болып көрінгенімен, бұл — көп сапарлағанда үнемдеудің амалы.

Сонымен қатар бір брондау сервисін тұрақты пайдалансаңыз, жиналған бонус пен ұпайды келесі сапарда жеңілдік ретінде қолдануға болады.

Қонақүйдегі салық пен депозит жүйесі

Қызмет көрсету шығыны, салық пен депозит сынды қосымша төлем әр елде бар. Сондықтан баратын елді толық зерттеген дұрыс.

Мәселен, БАӘ-ге барған турист салық төлеуі керек. Мұны туризм салығы деп атайды. Бұл таңдаған қонақүйге, оның қызмет көрсету сапасына, неше жұлдыз екеніне байланысты. Алайда салық адам басына есептелмейлі. Егер бір бөлме екі-үш қонаққа арналса, салық сол бөлмеде тұру құнына кіреді. Көбіне мына схема бойынша есептейді: бес жұлдызды қонақүйден бір бөлмені бес күнге жалдасаңыз, 20 дирхам*5=100 дирхам. Әдетте салық өзіңізге қайтпайды. Депозитке келсек, бұл — көп елде бар жүйе. Мұны қонақүй әкімшілігі бөлмені әр қонақтан кейін бастапқы қалпында сақтау үшін алады. Турист бөлмені босатып, қонақүйден шығар кезде депозиттің толық сомасы қайтарылады. Сондықтан жатын орнын таңдау кезінде осындай тұсына мән беру керек. Әлеужеліде, сайтта көрсетілмеген ақпаратты қонақүйдің электрон поштасына жазып, сұрауға болады, — дейді турагент.

Қонақүйден бөлмені қалай таңдаймыз?

Наргизаның айтуынша, кей елде арзан қонақүйдің бөлмесі турист елестеткендей болмауы мүмкін. Көбі, әсіресе, стандарт пен эконом санатындағы жатын орнын жиі шатастырады. Тіпті, екеуі бір санаттағы бөлме деп ойлайтындар бар. Алайда эконом нұсқадағы кей бөлме жертөледе орналасуы мүмкін. Кейбірінің терезесі болмай, аумағы тым тар болып шығады. Сондықтан ғаламтордан дәл сол қонақүйді тауып, эконом мен стандарт санатындағы бөлмені салыстырып, ішіндегі жағдайды білген дұрыс.

Бағаларды бірнеше платформадан салыстырыңыз

Бір қонақүйдегі бірдей бөлменің бағасы әр платформада әртүрлі болуы мүмкін. Бұл қосымша төлем немесе арнайы жеңілдікке байланысты. Сондықтан төлем жасамас бұрын бірнеше платформаның бағасын салыстырып шыққан абзал.

Турагент брондауды инкогнито режимінде қарауға да кеңес берді. Кей платформа іздеу тарихына қарай бағаны өзгертуі мүмкін. Ал халықаралық брондау кезінде интернет желісін ауыстыру да — тиімді нұсқаның бірі.

***

Тағы оқыңыз: 

Жүк жинау және түсі ашық чемодан. Жалғыз саяхаттауға арналған чек-лист

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok