Басты бет / Жаңалықтар /
су, сусын, Минералды су
Фото: Depositphotos.com

Ғалымдар аптап ыстықта шөлді жақсы басатын үш сусынды атады

Жаз мезгілінде көпшілік шөлді қандыру үшін таза су ішеді. Алайда ғалымдардың айтуынша, кей жағдайда ағзадағы ылғалды ұзақ сақтауға көмектесетін басқа да сусындар бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды.

Германияның Focus басылымы гидратацияға қатысты ғылыми зерттеулерге сілтеме жасап, қарапайым су әрдайым ағзадағы су тепе-теңдігін сақтаудың ең тиімді жолы емес екенін жазды.

Мамандардың айтуынша, сүт, шай және апельсин шырыны ағзадағы сұйықтықты қарапайым суға қарағанда ұзағырақ сақтай алады.

Неліктен бұл сусындар тиімді?

Ғалымдардың пікірінше, аталған сусындардың құрамында аминқышқылдары, майлар, дәрумендер және ағзаға қажет минералдар бар.

Профессор Дэвид Ниманның айтуынша, қорек заттары бар сұйықтық ағзадан бірден шығарылмайды. Ол біртіндеп сіңіп, жасушалардағы ылғал теңгерімін ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі.

Суды шамадан тыс ішу де зиян

Мамандар суды шамадан тыс тұтынудың да денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Егер адам үнемі су ішіп жүрсе және зәрі үнемі түссіз, мөлдір болса, бұл ағзаға қажет мөлшерден артық сұйықтық қабылдап жатқанын білдіруі мүмкін.

Мұндай жағдайда ағза суды толық сіңірмей, оны тез шығарып жібереді.

Ыстықта суды қалай дұрыс ішу керек?

Сарапшылардың айтуынша, аптап ыстықта суды немесе басқа сусындарды бірден көп мөлшерде ішкеннен гөрі, күні бойы аз-аздан ішкен дұрыс.

Cұйықтықты тамақпен бірге немесе жеміс-жидек жеген кезде қабылдау да ағзадағы ылғалдың ұзақ сақталуына көмектеседі және ыстыққа төзуді арттырады.

Мамандар бұл ұсыныстар жалпы дені сау адамдарға арналғанын атап өтеді. Ал бүйрек, жүрек немесе басқа созылмалы аурулары бар азаматтарға сұйықтық қабылдау тәртібі дәрігердің кеңесіне сай болуға тиіс.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталып отыр. Ал Еуропада ыстық ауа райының салдарынан 1300 адам көз жұмып, бірнеше елде төтенше ескерту жарияланды.

Дереккөз: Mgorod.kz

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook