Не болды?
2025 жылғы 1 желтоқсаннан, яғни бүгіннен бастап елімізде бірқатар өзгеріс болады. Baribar.kz желтоқсан айындағы бас жаңалықтар мен өзгерістер тізімін ұсынып отырмыз.
Ауа райы көп құбылады
Қазгидромедтің алдын ала болжамына қарағанда, республиканың басым бөлігінде қыс жылы болады. Жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан аспайды. Алайда кей күндері қарлы боранмен бірге жауын-шашын мол түсіп, күшті жел соғып, көктайғақ және тұман болуы мүмкін.
Ауа райы көп құбылып, «температуралық тербелістер» болуы мүмкін. Күн жылы болып, кейін қайта суытады. Жалпы алғанда желтоқсан айы жылы, жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады деп болжанып отыр.
Желтоқсанда тек 1 күн демаламыз
Биыл желтоқсанда Қазақстан азаматтарын бес күндік жұмыс аптасында тоғыз күн демалыс (сенбі-жексенбі) күтіп тұр. Ал сейсенбі, Тәуелсіздік күнінде бір демалыс күні беріледі.
31 желтоқсан сәрсенбіге түсіп тұр. Бұл жұмыс күні болады. Жаңа жылда төрт күн қатарынан демаламыз — 2026 жылғы 1 қаңтардан 4 қаңтарға дейін. 5 және 6 қаңтар – жұмыс күндері, ал 7 қаңтар – рождествоға байланысты демалыс күні.
Оқушылардың қысқы демалысы басталады
Екінші тоқсанда сабақ сегіз оқу аптасына жоспарланған. Оқушылар екінші тоқсанды аяқтап, қысқы демалысқа 29 желтоқсан күні шығады. Сөйтіп 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін демалады. Ал әзірге көптеген өңірдегі оқушылар ЖРВИ жұқтырғандар қатары өршіп тұрғасын, қашықтан оқып жатыр.
Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап автолизиң іске қосылады
1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеке тұлғалар үшін жаңа автолизиң бағдарламасы іске қосылады. Бұл — көлікті ұзақ мерзімге жалға алу, кейін оны сатып алу немесе қайтару мүмкіндігі. Лизиң деген — автокредиттің баламасы.
Олай былай істейді: адам көлікті таңдайды, лизиңтік компания таңдаған көлікті сатып алады, содан кейін ай сайынғы төлем үшін сізге уақытша пайдалануға береді. Барлық сома толық төленбейінше, көлік компанияның меншігінде болады. Шарттарды (пайыз, мерзім, сатып алу құны, айыппұл, оны өтеу сомалары, жүріс лимиттері) мемлекет бекітпеген. Мұның бәрін әр автосалон немесе лизиңге беруші өзі бекітеді.
Қауіптің алдын алу науқаны басталады
Жаңа жыл қарсаңында, 1 желтоқсаннан бастап ІІМ мен ТЖМ бүкіл ел бойынша сауда орталықтарында, базарларда, тұрғын аудандарында және пиротехникалық өнімдерді сататын орындарда рейд жүргізеді.
«Газбаллон» алдын алу шарасы: газ баллонын қолданылатын үйлер мен нысандарды тексеру. Инспекторлар халыққа түсіндіреді.
«Қауіпсіз Жаңа жыл» алдын алу шарасы: жаңажылдық іс-шаралар өтетін орындардың қауіпсіздігі тексеріледі. Эвакуациялық шығу жолдары, өрт дабылы және хабарландыру жүйелерінің жұмысы бақылауға алынады. Кәсіпкерлерге нұсқаулық беріледі.
«Пиротехниканың» алдын алу шарасы: отшашу және петардалар сатылатын және сақталатын нүктелерді тексеру.
Жаңа қоғамдық көлік бағыттары іске қосылады
Астанада 29 қарашадан бастап қоғамдық көлік желісіне үш жаңа маршрут қосылды.
Жаңадан ашылған бағдарлар мынадай:
- № 65 бағдар – Болашақ көшесі – «Отау» шағын ауданы;
- № 68 бағдар – «Газмашаппарат» АҚ – «Бағыстан» тұрғын үй кешені;
- № 78 бағдар – Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығы – № 64 мектеп-лицейі қатынасымен жүреді.
Ал Алматыда 22 қарашадан бастап қоғамдық көліктің жаңа №84 бағыты іске қосылды.
Жаңа әуе бағыттары ашылады
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туризм мен көлік байланысын күшейту жұмыстары қарқын алды. Көлік министрлігінің мәліметінше, 1 желтоқсаннан бастап SCAT әуекомпаниясы үш жаңа халықаралық бағыт бойынша тұрақты рейстерді іске қосады:
-
Түркістан – Бұқара,
-
Түркістан – Үргеніш (Хиуа),
-
Түркістан – Самарқан.
Әр бағытта аптасына үш рет ұшу жоспарланған. Билет құны – 40 мың теңге, ал бастапқы кезеңде жолаушылар ағынын қалыптастыру үшін рейстер субсидияланады.
Теміржол бағыттары өзгереді
- «Алматы-Қостанай» бағыты бойынша жаңа пойыз жүреді. 2025 жылғы 16 желтоқсаннан бастап № 119/120 «Алматы-Қостанай» бағытындағы жаңа тальго пойызы іске қосылады. Жұп күндері қатынайды. Бұл шешім пойыздың жүріп өту уақытын стандарт пойыздарға қарағанда 12 сағат қысқартуға мүмкіндік береді.
- «Алматы–Петропавл» пойызының жүру жиілігі артады. 2025 жылғы 15 желтоқсаннан бастап Тальго №105/106 «Алматы–Петропавл» пойызының қозғалыс кестесі жаңарады. Пойыз күнара қатынайды. Бұған дейін маршрут төрт күнде бір рет жүретін.
- «Атырау–Алматы» пойызының жүру жиілігі артады. 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап №41/42 «Атырау–Алматы» жолаушылар пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады. «Атырау–Алматы» бағытына пойызды күнделікті қатынауға көшіру тәулігіне 700 жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді.
- Енді «Астана – Жезқазған» тальгосы Қызылордаға да барады. 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тальго №65/66 «Астана – Жезқазған» пойызының бағытын Қызылордаға дейін ұзартады.
- «Алматы–Ташкент» тальго пойызы енді күн сайын қатынайды. 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап «Алматы–Ташкент» халықаралық бағыты бойынша жүретін тальго пойызының қозғалыс кестесі күнделікті режимге ауысады. Жаңа кесте тәулігіне 400-ден астам жолаушыны тұрақты түрде тасымалдауға мүмкіндік береді.
Парламенттік реформаға келіп түскен 300-ге жуық ұсыныс талқыланады
Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі — мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Оның айтуына қарағанда, бір айдың ішінде азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан «Парламенттік реформа» бөліміне 300-ге жуық ұсыныс түскен. Қазір барлық ұсыныс талданып, жүйеленіп жатыр. Жұмыс тобының екінші отырысын биыл 2 желтоқсанда өткізу жоспарланған.
Алматыда билік қаланың жаңартылған Бас жоспары жобасы бойынша көпшілікпен кеңеседі
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қаланың бас сәулетшісі Алмас Жаңбыршы осылай деп мәлімдеді. Жаңартылған Бас жоспар жобасы бойынша қоғамдық тыңдау биылғы жылдың 24–26 желтоқсан күні өтпек. Билік жиын өтетін уақыты мен орнын қала тұрғындарына алдын ала хабарлап айтады.
Алматыда «Золушка» көрсетіледі
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Алматыда ҚР мемлекеттік академиялық би театры Сергей Прокофьев музыкасына қойылған «Золушка» балетінің жаңа премьерасын ұсынады. Премьера 1 желтоқсанда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында, 2 желтоқсанда Almaty Theatre-де өтеді.
«Қайрат» чемпиондар лигасындағы ойындарын Астанада өткізеді
«Қайрат» футбол клубы УЕФА-мен келісім бойынша чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарды Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылдады. Осылай, команда «Олимпиакоспен» 9 желтоқсанда, ал «Брюггемен» 20 қаңтарда болатын ойындарын «Астана Арена» стадионында өткізеді.
Шымбұлақ тау-курортында қысқы маусым басталды
26 қараша күні, Шымбұлақ тау-курортында қысқы маусымның техникалық ашылуы өтті. Баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы күннен бастап келушілер үшін Сол жақ Талғар және жаңадан бастаушыларға арналған Ақ қонжық, Жылан және Ақ барыс трассалары ашылған.
Киік мүйізін таңбалау міндеттеледі
Киік мүйіздерін таңбалау 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап міндеттеледі. Бұл шара киік мүйізінің нақты қайдан алынғанын анықтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге және ресми қорларды тиімді бақылауға бағытталған. Сауда және интеграция министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл браконерлікпен күресті күшейтеді.
