Қарағандыдағы мектептердің бірінде оқушылар Қазақстан тарихын комикс бойынша оқып жатыр. Бұл идеяның авторы — осы мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Әсем Тарыбаева. Ол Baribar.kz тілшісіне тарихты оқытудың жаңа тәсілі туралы идея қайдан шыққанын, неліктен бұрынғы оқу бағдарламасы ескірді деп есептейтінін және қазіргі балалардың талғамы қандай екенін айтып берді.

Әсем Тарыбаева Қарағандыдағы Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатында тарих пәнінен сабақ береді. Ол 10 жылдан бері осы салада қызмет ете жүріп, қазіргі ұрпақтың ақпаратты өзгеше қабылдайтынын байқаған. Дәл осы себептен өзі сабақ беретін қазақстан тарихы пәнін өткізудің ерекше әдіс-тәсілі керек екені туралы көп ойланған.

Әсем Тарыбаева. Фото жеке архивінен

Қазіргі жастар арасында аниме жанрының өте танымал екенін бәрі біледі. Оқушыларым, әсіресе, «Наруто» деген анимені қатты жақсы көретінін байқадым. Кіші класта оқитындар дәптер алғанда сыртында сол аниме кейіпкерлерінің суреті барын алады. Ал жоғары класс оқитындардың телефонының бетіне сондай кейіпкерлерді қоятынын да көп байқайтынмын. Кейде оқушылар тоқсандық бақылау жұмыстарын жазғанда дәптерінің бір бұрышына әдемілеп өздерінің сүйікті кейіпкерлерін салатын. Жалпы, бұл жанрдың ықпалы осыншалық күшті екенін байқамау мүмкін емес болды, — дейді ол.

Осыдан кейін Әсем апай оқушыларына тарихи кейіпкерлерді аниме жанрына келтіріп көруге болатыны туралы айтқан. Оқушылары да тапсырманы орындауға қызыға кіріскен.

Бұған дейін де Қазақстан тарихы бойынша комикстер шыққанын естігенмін. Бірақ оның көбі орыс тілінде жазылған. Сосын кластағы қыздарға идеямды айтып көрдім. Өздері де қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы пәндері бойынша үздік болған соң, анимеге де қызыққан соң, тапсырмаға бірден кірісіп кетті. Бұған қоса өздері келіп, осылай қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де үлес қосқысы келетінін айтты, — дейді мұғалім.

Әсем Тарыбаева алғашқы жинақты жасау үшін 10-класта оқитын төрт қызды таңдап алған. Мөлдір Әуелхан мен Фариза Сағит сурет салса, Фатима Әмірзада мен Аружан Булгунаева ақпарат жинап, оны өңдеуге жауапты болған. Бұған қоса олардың кәсіби білігі жоғары тарихи кеңесшілері болған.

Фотоны Әсем Тарыбаева ұсынды

Қыздар өте көп ізденді. Мектеп бағдарламасынан бөлек, кітапханаларға барып, қосымша әдебиет іздеді. Тарихи фильм-сериалдарды көрді. Қажет ақпаратын жинақтап, маған тексертіп отырды. Тарихи құжат көп болған соң, қайсы дұрыс екенін анықтау қиын болатын кездер де болады. Сондықтан Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Тарих» факультетіндегі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова ханым да тарихи кеңесшіміз ретінде көп көмегін берді. Сондықтан ақпаратқа, контенттің шынайылығына қатысты мәселе жоқ деуге болады, — дейді Әсем Тарыбаева.

Қазақстан тарихы бойынша жасалған комикстің алғашқы жинағы былтыр қарашада шыққан. «Қазақ хандығы» кезеңін қамтыған жинақ 20 беттен тұрады. Оны ұжым екі айда жасап шығарған. Ішінде суреттермен қатар диалогтар да бар. Мұғалімнің айтуынша, алғашқы жинақтың тақырыбы кездейсоқ таңдалмаған. Олар басында бірден «Алаш зиялыларынан» бастағысы келген.

Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды
Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды
Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды

Бір жағынан Томирис кезеңінен бастасақ па деп ойладық. Алаш зиялыларынан бастап, әрқайсының суретін салып, олар жайлы деректі комикс негізінде берсек пе деп тағы ойландық. Бірақ өзіміз де бұл жұмысқа енді қадам басып жатқан соң, символикалық мән болсын деп, Қазақ хандығының құрылуы туралы жинақтан бастаймыз деп шештік. Бұл — 6-кластың оқу бағдарламасына кіретін тақырып. Қазір мектебімізде 6-кластар Қазақ хандығының құрылуы кезеңін осы жинақ бойынша меңгереді, — дейді ол.

Қазір бұл жинақты шығарған төрт қыз университетте оқиды. Ал жобаның жұмысы әлі жалғасып жатыр. Түлектер мектеп оқып жүргенде 10-класс оқушыларын таңдап алып, ізбасарларын дайындай бастаған.

Фотоны Әсем Тарыбаева ұсынды

Жинақты енді қазіргі 11-класс оқушылары жасап жатыр. Олар — Нұрай Нұрдилдина, Еркежан Асылхан, Мәриям Қадыр және Риана Анарбай деген қыздар. Тура бұрынғыша екеуі сурет салуға, тағы екеуі ақпарат жинауға жауапты. Былтырғы түлектерімізбен де тығыз байланыстамыз. Қазіргі 11-кластағы қыздар оларға кез келген уақытта хабарласып, көмек сұрап, кеңесе алады. Олар да бетін қақпай, білгенін айтып отырады, — дейді Әсем Тарыбаева.

Мұғалім бұл жобаға неліктен тек 11-класс оқушыларын тартқанын да айтып берді. Ол бұл жұмыс олардың ҰБТ-ға дайындалуына мүлдем кедергі келтірмейді дейді.

Қайта керісінше, бұл жоба олардың тарих бойынша білімін толықтыра түседі. Бұған қоса қазір ҰБТ-ның форматы ақырындап өзгеріп келеді. Кейде ситуациялық сұрақтар да келіп жатады. Сондай сұрақ бола қалса, бұл қыздар қиналмай, саспай жауап береді. Сонымен қатар қазақстан тарихы пәнін олар мектеп бітірген соң, университет қабырғасында да оқиды. Ол бойынша мемлекеттік емтихан тапсырады. Сондықтан тарихты тереңдете оқыған артық болмайды. Ал иллюстрация жағына жауапты қыздар — онсыз да университетке сәулетші, графикалық дизайнер деген сияқты сызба саласына қатысты мамандыққа түскісі келетіндер. Олар 11-класта оқып жүріп, біршама тәжірибе жинайды. Ал жазған-сызғанын университетке түскенде портфолио ретінде ұсынса, өзге талапкерлерден озық тұрары сөзсіз, — дейді мұғалім.

«Тарихи хикаялар» жинағы. Фотоны Әсем Тарыбаева ұсынды
тарих
«Тарихи хикаялар» жинағынан. Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды

Әсем Тарыбаева басында жоба осыншалық ауқымды болып кетеді деп ойламағанын айтты. Тіпті сол себептен алғашқы жинақтың атауы да аса салмақты болмаған.

Басында әр суретті қыздар өз қолымен салатын. Оны сканерлеп алып, өзіміз үшін, өзіміз дегенде тек бір класс үшін pdf нұсқада шығара салған едік. Кейін мектеп бұл идеямызды қолдап, жоба үшін арнайы планшеттер берді. Қыздар иллюстрацияларын енді сол құрылғы арқылы салады. Жалпы жобаның ауқымы кеңейіп келе жатқан сияқты. Басында балаларға қызық болсын деп, бірінші жинаққа «Тарихи хихикаялар» деген атау бердік. Бірақ кейін «Тарихи хикаялар» деп өзгерттік, — дейді ол.

Қазір мұғалімнен өзге мектептердегі әріптестері тарихты жаңаша, комикс арқылы үйрету әдісі бойынша кеңес сұрайды.

Көрші аумақтағы мектептердің жиынында бірнеше рет іс-тәжірибемді ортаға салып, бұл тәсіл туралы айтып та бердім. Мұғалімдер оқушыларына осындай тапсырма беріп, балаларының тарихқа деген қызығушылығын арттыруға ниетті, — дейді ол.

Әсем Тарыбаева жобаны бастамас бұрын сынға ұшыраудан қорыққанын да айтты. Ол көбі тарихты аниме жанрына келтіруді мазақ деп түсініп қала ма деп уайымдаған.

Қанша жерден қатты сынның астында қаларымды білсем де, тарихты оқытудың жаңа әдісі керек, ол үшін бірдеңе істеу керек деген ой күштірек болған сияқты. Қазіргі ұрпақтың еліктеушілігін, қызығушылығын басып тастау, оны көрмегендей жүру мүмкін емес. Сондықтан олардың сол қызығушылығына бейімделуіміз керек. Өздері сүйіп көретін анимесіне, тыңдайтын k-pop әндеріне ұлттық дүниелерді, тарихымызды қосып бере алуымыз керек. Қазіргі ұрпақ — тәуелсіз ұрпақ. Оларға таңдау мүмкіндігін беру маңызды. Қазіргі оқушыларға «Біздің сендерге беретін тарихымыз — мынау» деп, бұрынғы тек мәтіні бар кітапты оқытып отыра алмаймыз. Баланың тілімен сөйлеп, тарихқа қызығушылығын оята алсақ, тарихын білетін, елін шын сүйетін, нағыз патриоттарды тәрбиелей аламыз деп ойлаймын, — дейді Әсем Тарыбаева.

Ол мектептердегі тарихты оқытудың бұған дейінгі әдістері ескіргенін, қазір оның жарамсыз болып қалғанын айтады. Мұғалімның айтуынша, ондай әдіс баланың сараптау қабілетін де басып тастайды.

Көп мектепте оқушы тек ұлттық біріңғай тестілеуден (ҰБТ) өту үшін тарихты жаттап алуға тырысады. Бірақ тарих жыл жаттау деген сөз емес. Тарих, әуелі баланың аналитикалық ойлау қабілетін дамытып, оқиғаны өз бетінше сараптап, сабақ ала алуы үшін керек. Сондықтан баланың оны қызығып, түсініп оқығаны маңызды, — дейді ол.

Жақында тарихшы Әсем Тарыбаева оқушыларымен бірге «Қазақ батырлары» бөліміне арналған комиксті, яғни жобаның екінші бөлігін шығарған. Бұл — жеті беттік шағын жинақ. Ал қазір жоба авторлары комикстің жаңа жинағын әзірлеп, баспадан шығаруға дайындалып жатыр. Ол  «Алаш зиялылары» тақырыбында болады. Бұл ұжымның көлем жағынан ең үлкен жобасы болмақ. Әсем Тарыбаеваның айтуынша, жинақ 40 беттік болып шығады. Әзірге еш жерде суреті жарияланбаған. Жобаның идея авторы жақында шығатын жинақтың алғашқы сызбаларын Baribar.kz редакциясына жіберді.

Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды
Иллюстрацияны Әсем Тарыбаева ұсынды