Әлеуметтік желіде шетелдің әйгілі әндерін қазақша орындаған Мөлдір Байбуринованың видеолары кеңінен танылып жүр. Baribar.kz тілшісі жас талантпен тілдесіп, танысып қайтты.

Мөлдір Алматыда тұрады. Өзі — маркетолог. Бала кезінен ән айтады. Жақында шетел әндерін қазақ тілінде орындап, оны видеоға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшасына сала бастады. Мөлдірдің жаңа форматтағы контенті көпшілікке ұнаған сияқты. Мұны оның Instagram парақшасындағы оқырманының 2500-ден 21 мыңға дейін көбейгенінен байқауға болады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Moldir Baiburinova (@baiburinova_)

Екі жыл бұрын түріктердің балаларға арналған «Hayat Bayram olsa» деген әнін тыңдадым. Әннің сөзі, мағынасы ұнады. Оның қазақшасы былай: «Бұл дүниедегі ең бақытты адам — біреуге бақыт сыйлайтын адам. Бұл дүниедегі ең бай адам — жүректерді жаулайтын адам. Бұл дүниедегі ең сүйікті адам — өзін сүйе білетін адам. Бұл дүниедегі ең дана адам — өзін білетін адам». Қандай тамаша сөздер, иә? Біз өзіміз «Қошақаным» сияқты әндерді ғана тыңдап өстік қой. Ал бұл ән балаларға өмірлік құндылықты, сезімді үйретеді екен. Сол кезде «Неге бізде — қазақта балаларға арналған осындай ән жоқ?!» деген сұрақ туындады. Сол уақытта шетел әндерін қазақшаға аударуды ойладым, бірақ сол күйі қалып кеткен еді, — дейді Мөлдір.

Мөлдір кез келген шетел әнін тыңдағанда, оның аудармасын білуге, мағынасын түсінуге тырысады. Өзінің айтуына қарағанда, шетелде түрлі тақырыптағы ән бар: махаббат, сезім, құндылық, әлеуметтік, таптық мәселе және тағы басқа. Ол мұндай әндерді қазақстандықтар да қазақша тыңдай алуға тиіс деп ойлаған. Сөйтіп екі жыл бұрын келген идеясын жүзеге асырған.

Даниал деген мобилограф әріптесім бар. Ол маған «видео түсіріп, әлеуметтік желіде желтоқсанға дейін 40 мың оқырман жинасаң, 100 мың теңге беремін» деп мотивация берді. Тіпті, видео түсіруге көмектесемін деді. Алғашында сенбедім. Ұтылып қаламын деп ойладым. Дегенмен видеоларымның қаралымы артқанда, адамдар қызығып тыңдағанын көргенде қуандым. Оның үстіне күнделікті бір сарынды өмірден шаршап, күйзеліп жүрген едім. Сол күйзелістен шығуыма әсер етті, — дейді Мөлдір.

Мөлдір Байбұринова.
Мөлдір Байбұринова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бүгінге дейін Мөлдір ағылшын, орыс, француз тілдері сияқты шет тіліндегі 10 шақты әндерді қазақша айтып үлгерді. Оның видеолары Tiktok-та миллион, Instagram желісінде 500 мыңнан астам рет қаралды. Telegram арнасынан да әндерін жүктеп жатқан адам көп. Оқырмандары да күннен күнге көбейіп жатыр.

Мысалы, кішкентайымда жылтыр “кепкамды” киіп алып, Hafanana әніне секіріп билейтінмін. Жақында ғана бұл әннің тек көңіл көтеруге арналмағанын білдім. Ол адам құқығы мәселесін көтеретін, нәсілшілдікке қарсы шырқалған туынды екен. Бұл дерек көп адамға қызық болған сияқты. Себебі видеоны көргендер, достарына жібергендер, пікір жазғандар көп, — дейді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Moldir Baiburinova (@baiburinova_)

 Мөлдір әндерді орындап қоймай, оның мәтінін де өзі аударады.

Негізі кішкентайымнан өлең шығаратынмын, бірақ, әрине, ақындардың деңгейінде емес. Оның үстіне маркетолог болған соң, сөздік қорым азайып, қысқа-нұсқа жазып үйреніп қалыппын. Дегенмен әзірге өзім аударып жүрмін. Әуелі, әннің мәнін толық түсініп аламын. Кейін ыңғайы келсе, сөзбе-сөз аударамын. Тікелей аударма музыкаға, қазақ тіліне үйлеспей тұрғанын байқасам, әннің мағынасын жеткізетін сөздерді, тіркестерді қолданамын. Болашақта контентім дамып жатса, ақындармен бірге жұмыс істегім келеді. Өйткені ақынның аты — ақын. Олар сөзді әдемі қолданады, әдемі ойнатады, — дейді әнші.

Мөлдір Байбұринова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мөлдірдің айтуынша, контентіне ән таңдағанда белгілі бір критериге сүйенбейді. Дегенмен ең әуелі өзі тыңдайтын, өзіне музыкасы да, мағынасы да ұнайтын әнді таңдайды. Трендтегі танымал әндерді де аударады.

Мысалы, Zaz деген әншінің Je veux әнінің айтар ойы менің құндылығыма, өмірлік принципіме сай келеді. Сол себепті ең бірінші сол әнді қазақшаға аударып, орындадым. Оған қоса биыл Еуровидениені ұтқан Loreen деген әншінің байқауда орындаған Tattoo әнін аударып жатырмын. Желідегі адамдар да ұсыныс айтып жатады, оны да ескеремін. Мысалы, ZAZ-дың әнінің толық нұсқасын сұрап жатыр. Енді соны шығарамын, — дейді ол.

Мөлдір гитара тартады. Бұған дейін де аспапта ойнағанын, ән айтқанын желіге жариялайтын. Дегенмен дәл осы қазақшаға аударылған әндері көпшілікке ерекше ұнаған. Ол оның бірнеше себебі болуы мүмкін дейді.

Біріншіден, маркетиң әдісі ұтымды шығар. Бұрын жай ғана ән айтып, жариялай беретінмін. Оның қандай ән екенін, не туралы екенін бірі білсе, бірі біле бермейтін. Ал қазір видеомның алғашқы секундтарында ән туралы қызық дерек айтып, тыңдарманды тартуға тырысамын. Оған қоса қазір санамызда отарсыздану үрдісі жүріп жатыр. Қазақ тілі трендке айналды. Адамдардың ұлтына, тіліне деген махаббаты ерекше ашыла бастады. Бұл да себеп болуы мүмкін, — дейді ол.

Мөлдір Байбұринова
Мөлдір Байбұринова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ол адамдардың жазған жылы лебізінен соң, музыкаға деген ынтасы қайта оянғанын айтады.

Бір кездері мүлдем ән айтқым келмей кетті. Музыканы, ән айтуды қоғамға керегі жоқ дүние деп ойладым. “Мұғалімдер балаға білім береді, дәрігерлер адамдарды емдейді, ал әнші не істей алады? Шырылдауық шегіртке сияқты жүреді ғой» деген кезім болды. Дегенмен менің жаңа контентімді көріп, парақшама жазылған бір кісі «Жұмыстан ашуланып келіп едім, сіздің парақшаңызға кіріп, әндеріңізді тыңдап, тынығып қалдым ғой» деп жазыпты. Уақыт өте келе, кез келген маман иесі қоғамға пайдалы екенін, адамды өмір сүруге жігерлендіре алатынын түсіндім. Мысалы, адам ән тыңдап демалады, ән арқылы әлемді тани алады, ән арқылы өмірге ынтасы артады, — дейді жас әнші.

Мөлдір күнделікті өмірде де қазақша сөйлейді. Контенті арқылы қазақ тілінің әдемі екенін көрсеткісі келеді.

Өкінішке қарай, кейбір адам қазақ тілін ауызекі тілде ғана қолдануға болатын, боқауыз сөз айтатын қарабайыр тіл деп біледі. Кейбірі «Бұл тілдің маған не керегі бар?» деп менсінбейді. Енді біреулер қазақ тілінде ғана сөйлейтіндердің көкжиегі тар деп ойлайды. Сол кісілердің сөзін естігенде ішім ашиды. Тіл деген сенің тамырың, сенің бір бөлшегің ғой. Өзіңді таныған кезде ғана құдайыңды, әлемді тани бастайсың. Меніңше, тіліңді білгенде, өзіңді танығанда ғана рухты, сенімді боласың. Оған қоса қазақ тілі — француз тілі сияқты өте әдемі тіл. Асып түспесе, кем емес. Соны адамдар түсінсе деймін, — дейді ол.

Мөлдір Байбұринова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мөлдір контентін әрі қарай да дамытуды жоспарлап отыр. Өзінің авторлық әндерін де жазғысы келеді.

Енді өмірімдегі көп нәрсені әнмен байланыстырғым келеді. Өйткені бұл өнер маған шабыт береді. Оған қоса желіде видеомды көретіндердің қатары артқандықтан, жауапкершілікті сезіне бастадым. Университетте оқып жүргенде бір оқытушым «Адам еркін болғаны үшін жауапкершілікке ие ме? Жауапкершілікке ие болғаны үшін еркін бе?» дейтін. Ол кезде бұл сұрақты түсінбейтінмін. Қазір адам жауапкершілікке ие болғаннан кейін еркін екенін ұқтым, — дейді Мөлдір.

***

Тағы оқыңыз:

Жас әнші Kosmuse: Халық ескі әндерді жаңғыртуға ықыласты