Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Венесуэладағы жер сілкінісі: 3 жасар бала алты күннен кейін үйінді астынан тірі табылды

Фото: AFP агенттігі/ Juan Barreto
Венесуэлада өткен аптада болған жойқын жер сілкінісінен кейін үйінді астында қалған 3 жасар бала алты күннен соң тірі құтқарылды.

Венесуэла билігінің мәліметінше, Клейбер Моран есімді баланы Ла-Гуайра штатындағы құлаған тұрғын үйдің үйіндісі астынан Иордания құтқарушылары шығарған. Ол алты күн бойы үйінді астында жатқан.

Құтқарылған баланың жасы жөнінде билік өкілдерінің мәліметі әртүрлі. Венесуэланың уақытша президенті оны 3 жаста десе, Ұлттық ассамблея төрағасы 2 жаста екенін мәлімдеді. Бала дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес бұл құтқару операциясын әлеуметтік желі арқылы хабарлап, құтқарушылардың жұмысына алғыс білдірді.

Ұлттық ассамблея төрағасы Хорхе Родригес телеүндеуінде іздестіру-құтқару жұмыстарының жалғасатынын айтты.

«Біз үйінді астынан тірі қалған адамдарды әлі де табамыз деген үмітімізді жоғалтпауымыз керек. Бүгін таңертең екі жасар бала құтқарылып, қазір Каракастағы медициналық орталықта ем қабылдап жатыр», – деді Хорхе Родригес.

Еске салайық, 24 маусымда Венесуэлада араға бір минутқа жетер-жетпес уақыт салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер сілкінісі тіркелді. Апат салдарынан мыңдаған ғимарат қирап, мыңдаған адам үйінді астында қалған.

БҰҰ Балалар қоры (UNICEF) Венесуэлаға 47 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Оның құрамына шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтар, жаңа туған нәрестелерге арналған медициналық жиынтықтар, қауіптің алдын алу және емдеу құралдары енгізілген.

Мақалаға реакция