Не болды?
Бүгін парламент сенатының 30 жыл тарихындағы соңғы жалпы отырысы өтті. Конституция негізінде жұмыс істеген қос палаталы парламент енді қызметін ресми түрде аяқтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция бойынша парламенттің жұмысы тоқтап, тамыз айында бір палаталы Құрылтайдың депутаттарын сайлау өтеді.
30 жыл ішінде сенат 890-нан астам жалпы отырыс өткізіп, 3,5 мыңнан астам заң қабылдаған. Оның ішінде 350-ден астам заң жобасын дайындау парламент депутаттарының басшылығымен жүрді.
Парламент қабырғасында мемлекет тағдырын айқындаған тарихи шешімдер қабылданды. Сенат өзіне жүктелген конституциялық міндетті толық орындады, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Мыңдаған депутаттық сауал мен парламенттік тыңдау өтті
Заң шығару қызметімен қатар сенат қоғамның түрлі мәселесін талқылайтын маңызды алаңға айналды.
30 жыл ішінде:
- 60-тан астам парламенттік тыңдау ұйымдастырылды;
- 3 мыңнан астам түрлі іс-шара өтті;
- Үкіметке 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданды.
Сенат тарихында барлығы 246 депутат жұмыс істеді. Олардың қатарында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен Халық қаһармандары болды.
Мәулен Әшімбаев қазіргі депутаттардың болашақ қызметіне қатысты да пікір білдірді. Мемлекеттік қызмет уақытша міндет болған соң, бұрынғы сенаторлар алд орталық және жергілікті мемлекеттік органда, сонымен қатар басқа да салада еңбек етіп, ел дамуына үлес қоса береді.
Сенат аппараты қысқармайды
Сенат төрағасы Конституциядағы өзгеріске байланысты аппарат қызметкерлері жұмыстан босамайтынын айтты.
Оның сөзінше, сенат пен мәжіліс аппараттының мамандары жаңа Құрылтай аппаратына ауысып, бір бөлігі Халық кеңесінде жұмысын жалғастырады.
«Сенат ғимараты босап қалмайды»
Сенаттың қазіргі әкімшілік ғимаратының болашағына қатысты сұраққа жауап берген палата төрағасы жаңа мемлекеттік институттарға қажет инфрақұрылым толық сақталатынын жеткізді.
Оның айтуынша, құрамында 145 депутаты болатын Құрылтайға да, Халық кеңесіне де әкімшілік ғимарат қажет болады.
Контекст
Естеріңізге салайық, 26 маусымда парламент мәжілісінің соңғы отырысы өтті.
