Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында толассыз жауған жаңбырдан кейін Түрген өзеніндегі су деңгейі күрт көтерілді. Соның салдарынан туристік аймақтардан адамдар эвакуацияланып, бірнеше аумақты су басып, бірқатар жолдарда қозғалысқа шектеу енгізілді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің мәліметінше, Түрген өзенінің тасуы салдарынан Түрген – Ассы автожолының 25-шақырымындағы учаскені су басқан.
Сонымен қатар өзеннің алты–тоғыз шақырым аралығындағы жағалауда орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағына жақын аумақтарды су шайып, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінген.
Оқиғаға байланысты туристік аймақтарда болған адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында БАК бойындағы автожолдың 54-шақырымындағы көпірдегі су өткізгіш құрылғының маңын су шайып жатқаны анықталған. Әкімдік бұл көпірдің 2024 жылы апатты деп танылғанын хабарлады.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 шілдеден бастап қауіпсіздік мақсатында облыстық маңызы бар КВ-49 «БАК бойындағы автожол» бағытында көліктің барлық түрінің қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Мұндай шешім таулы аймақтағы нөсер жаңбырдан кейін Түрген өзенінің ағысы күшейіп, жол қозғалысына қауіп төндіруіне және көпірді су шайып кету қаупіне байланысты қабылданған, — делінген хабарламада.
Жағдайды үйлестіру үшін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің жетекшілігімен полиция, төтенше жағдайлар қызметі және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел штаб құрылды.
Әкімдік мәліметінше, қазір жағдай бақылауда. Су басудың салдарын жою және тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
