«Құпия досье» («Секретное досье»)

Стивен Спилбергтің фильмінде Bьетнам соғысы туралы Пентагон құжаттарын жария еткен The New York Times пен The Washington Post газетінің журналистері туралы оқиға баяндалады.

"Құпия досье" фильмінің кадры
«Құпия досье» фильмінің кадры: Kinopoisk.ru

Фильм 2018 жылы «Оскар» сыйлығының «Үздік фильм» номинациясына ұсынылды.

1971 жылы The Washington Post газетінің президенті Кэм Грей және газеттің бас редакторы Бен Брэдли Пентагон құжаттарын алады. Осыдан кейін олар The New York Times газетіндегі әріптестерімен бірге даулы материалды жариялау туралы шешімге келеді. АҚШ саяси шенеуніктері Жоғарғы сотқа Вьетнам соғысы туралы құпия хатты жария еткені үшін дау айтып, газетті жауып тастаймыз деп қорқытады. Бірақ газет редакциясын олардың бұл әрекеті тоқтата қоймайды.

«Верониканы аңду» («Охота на Веронику»)

Джоэл Шумахердің драмасы Ирландия журналисі Вероника Гериннің тағдыры туралы.

"Верониканы аңду" фильмінің кадры
«Верониканы аңду» фильмінің кадры: Filmz.ru

Sunday Independent газетінің тілшісі Вероника Герин Дублиндегі заңсыз есірткі бизнесінің артуы туралы материал дайындайды. Ол журналистік зерттеуінде есірткі пайдаланатын жасөспірімдер проблемасын көтеріп, сонымен бірге ірі есірткі сатушылардың назарын аударып, біртіндеп тым алысқа кетеді. Журналистің өміріне бірнеше рет қастандық жасалады. Журналиске ақпарат берген адам жеке басын және басшысы Джон Гиллиганды сақтап қалу үшін қылмыстың артында «Монах» лақап атымен Джерри Хатчтың тұрғанын айтып, жалған ақпарат береді. Бірақ Вероника Герин көп ұзамай Хатчтың бұған қатысы жоқ екенін түсінеді. Соған қарамастан ол өзінің зерттеуін жалғастыра береді, соңында есірткі мафиясының басшылары ержүрек журналистің көзін жою туралы тапсырма береді.

«Жұрт назарында» («В центре внимания»)

Фильм Бостонның католик шіркеуіндегі жыныстық қудалау туралы жанжалға байланысты оқиғаларға негізделіп түсірілген. Осы оқиғадан кейін кардинал Бернард Лоу орнынан кетеді.

"Басты назарда" фильмінің кадры
«Жұрт назарында» фильмінің кадры: Kinopoisk.ru

Том Маккартидің картинасы 2016 жылы «Оскар» сыйлығын  «Үздік фильм», «Үздік сценарий» номинациялары бойынша жеңіп алды.

Фильм The Boston Globe газеті журналистерінің зерттеуін суреттейді. Осы зерттеудің нәтижесінде көп дін қызметшісінің балаларды зорлап келгені анықталған. Мақаланы жазып жатқан кезде журналистер 87 дін қызметкерінің қылмысын әшкере етті. Жария болғаннан кейін педофил қызметкерлердің саны 290-ға жеткен. Ал олардың Бостондағы жалпы саны 1500 еді. Осы оқиғадан кейін кардинал Бернард Лоудың бұл туралы білгені, оларға көмектесіп, фактілерді жасырғаны мәлім болды. Рим папасы ІІ Иоанн Павел Бернард Лоуды отставкасынан кейін Рим куриясының бірнеше әкімшілік қызметіне тағайындап, Санта Мария Маджоре базиликасының аға дін қызметкері деп таныған.

«Шындықтан басқа ештеңе жоқ» («Ничего, кроме правды»)

Род Луридің 2008 жылы экранға шыққан саяси драмасында журналист Рэйчел Армстронгтың кәсіби ұстанымынан қайтпай, соңында түрмеге жабылғаны туралы баяндалады.

"Шындықтан басқа ештеңе жоқ" фильмінің кадры
«Шындықтан басқа ештеңе жоқ» фильмінің кадры: Kinogid.com

Президентке қастандық жасалған соң АҚШ үкіметі Венесуэлаға кінә артып, Каракасқа әуе шабуылын ұйымдастырады. Біраз уақыттан кейін белгілі журналист Рэйчел Армстронгтың қолына құпия есеп түседі. Рэйчелдің сенсациялық мақаласы көпшіліктің, соның ішінде бірінші кезекте құпия тыңшы Эрике Ван Дореннің назарын бірден аударады. Бірақ билік басқа нәрсеге бас қатырады: Орталық барлау басқармасының агентін кім ұстап берді? Ақпаратты кім жария етті? «Сатқынның» атын білу үшін арнайы прокурор Паттон Дюбуа пайда болады. Ол Рэйчелді қорқытып, «ұлттық қауіпсіздік мүдделері үшін» дереккөздің атын атаудан бас тартқаны үшін сотталатынын айтады. Бірақ журналист берілуді ойламайды. Сол үшін түрмеге де жабылады, күйеуінен, баласынан ажырап қалады. Түрмеде өзге жазасын өтеушілерден зәбір де көреді. Бірақ соңына дейін өз ұстанымында қалады.