Басты бет / Жаңалықтар /
Қылмыс, тұтқындау
Фото: Glavk.info

Мектептер мен кәсіпкерлерді бопсалаған қылмыстық топ әшкереленді

Биыл Қазақстанда 30-дан астам ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, мектептер мен кәсіпкерлерге қатысты 270-тен астам бопсалау дерегі анықталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды.

Осы кезеңде 270-тен астам бопсалау фактісі тіркелген. Оның ішінде кәсіпкерлерге, білім беру ұйымдарына және азаматтарға қатысты жасалған қылмыстар бар. Сонымен қатар трансұлттық қылмыс белгілері бойынша 38 қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, қазір түрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортамен байланысы бар 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету аясында қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілдерінің мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіруі бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелген, — делінген хабарламада.

Министрлік халықаралық ынтымақтастық аясында да бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, ІІМ бастамасымен «заңдағы ұры» санатына жататын және шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.

Сонымен қатар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталған. Министрліктің мәліметінше, жәбірленушілерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шаралары қабылданған.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram