Beeline Қазақстан баспасөз қызметі
Қазақша-чат бот, адам санайтын камера, необанк, музыка стримиңі – Belline-Қазақстанның кейінгі уақытта жасаған жобалары. Компания Beeline Demo day іс-шарасында кейінгі жылдарда жүзеге асқан digital-өнімдерін таныстырды.

Жасанды интеллектінің Big Data арқылы объектілерді санауы

Beeline Big Data командасы жасанды интеллектіге объектілерді санауды, адамға қауіпті және қауіпсіз аймақтарды анықтауды үйретіп, ол бизнестің жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен.

Жоба бойынша жасанды интеллект видеоталдау жасайды. Жобаның авторлары Хакимжан Куватов пен Денис Ревенконың айтуынша, бұл жүйе Big data және компьютердің көзі арқылы жүзеге асты. Жасанды интеллект Big data арқылы объектінің пішіні, түрі — жалпы сиппатамасы жайлы ақпарат алады.

Хаким Куватов. Фото: Beeline Қазақстан баспасөз қызметі

Компьютердің көзі — видеодан ақпарат алуға және талдауға мүмкіндік беретін технология. Былайша айтқанда, компьютердің көзі адам көретін барлық нәрсені тани алады. Ал объектілер санын бейнебақылау камералары анықтайды.

Денис Ревенконың айтуынша, бұл жоба  2021 жылғы жазда әзірлене бастады. Сөйтіп 2022 жылдың соңында алғаш рет іске қосылды.

Денис Ревенко. Фото: Beeline Қазақстан баспасөз қызметі

Алғашында камералар сауда ойын-сауық орталығына қойылды. Ол жерде камера келушілердің санын, олар қай уақытта және аптаның қай күндері көп келетінін анықтады. Бұл жүйе құс фабрикасына да қосылды, онда тауықты санады, — дейді Хакимжан Куватов.

Жасанды интеллект адамды санап қана қоймай, оның өміріне қауіпті жағдайдың алдын алады. Мысалы, құрылыс саласында, мұнай-газ, металлургия комбинатында адам өлімінің ықтималдылығы жоғары, қауіп-қатер көп. Мұндайда жасанды интеллект белгілі бір жердің қауіпті және қауіпсіз аумақтарын және жеке қорғану құралдарының (каска, маска, қолғап, көкірекше, аяқкиім және тағы басқа) бар-жоқ екенін анықтайды.

Қызметкер қауіпті аймақта жеке қорғану құралынсыз жүрсе, камера бірден диспетчерге сигнал береді. Сонымен қатар жұмысшы өнеркәсіптік кәсіпорын нысандарында байқауызда құлап кетсе, жүйе жауапты қызметкерге дереу хабар береді. Оны әріптесіне көмектесу үшін шақырады, — дейді жобаны әзірлегендер.

Сонымен бірге бұл жоба тау жыныстарымен жұмыс істегейтін шөміш тістерінің күйін бақылайды. Шөміш тістері тау жыныстарын ұсатқышқа түсіп, сынып, машинаға зақым келтіруі мүмкін. Бұл жағдай кәсіпорын жұмысының тоқтап қалуына алып келеді.

Өйткені қымбат жабдықты ауыстыруға көп шығын мен біршама уақыт кетеді. Ал камера машинаның тістерінің жағдайын бақылап, төтенше жағдайда дер кезінде белгі береді.

Simply необанкі

Simply необанкі — цифрлық төлем картасы. Бұл карта арқылы қолданушылар затты онлайн төлеп, онлайн сатып алады.

Simply цифрлық төлем картасы екі жыл бұрын іске қосылды. Өнімді жасаған Марат Жағыпаровтың айтуынша, осы уақыт ішінде 1,6 миллионнан астам адам необанк мобайл қолданбасын жүктеп алған.

Марат Жағыпаров. Фото: Beeline Қазақстан баспасөз қызметі

Қазақстандықтар арасында ең танымал төлем санаттары әмбебап дүкендер, жанармай құю станциялары, электрон жабдықтар, қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар мен ФАСТФУДТАР болды, —  дейді Марат Жағыпаров.

Simply необанкі арқылы Apple Pay, Google Pay, Samsung Pay, Garmin Pay әмияндарымен үйлестіріп, шамамен миллион теңгеге дейін халықаралық аударымды процентсіз жіберуге болады.

Мобайл қолданбада биыл бірнеше жаңа функция қосылды. Қолданушылар қолданбада өзіне ұнайтын дизайн таңдай алады және өз жазылымдарын басқара алады.

Мобайл қолданбаларға төлем картасы тіркелсе, ол иесінің рұқсатынсыз ай сайынғы төлемді автоматты түрде төлеп жібереді. Ал Simply-да қолданушы өз жазылымдарын қадағалап, шоттан шығарылған ақшаның құнын, не үшін, қашан төленгенін біле алады. Сонымен қатар төлемді уақытша тоқтату немесе мүлдем өшіру операцияларын жасай алады, — дейді Марат Жағыпаров.

BeeBERT қазақша чат-боты

BeeBERT — қазақша чат-бот. Осы чат-бот арқылы компанияның клиенттері қазақ тілінде сұрақ қойып, көмек ала алады.

Шамамен 2015 жылдан бастап компания клиенттермен қарым-қатынас жүйесіне WhatsApp желісінде чат-ботты енгізді. Чат-бот арқылы айына 200 000 клиент қабылданады.

Чат-бот тек орыс тілінде сөйлейтін адамдарды қабылдайтын. Бірақ кейінгі жылдары қазақ тіліндегі сауал саны арта бастады.

Бексұлтан Сағындық. Фото: Beeline Қазақстан баспасөз қызметі

Көптеген адамның «қ», «ғ» орнына «к» және «г» жазатынын, орыс тіліндегі пернетақтамен қазақ тілінде жазу кең таралғанын ескере отырып, Эльмира Бадретдинова мен Бексұлтан Сағындық қазақша чат-ботты әзірлей бастаған.

Биыл сәуірде компанияның әзірлеушілері бірлесіп BeeBERT қазақша чат-ботын әзірледі. Бұл жоба іске қосылғаннан бері чат-бот арқылы мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді, — дейді Бексұлтан Сағындық.

Hitter музыкалық стримиң мобайл қолданбасы

Hitter — музыкалық стримиң платформасы. Бұл платформа арқылы адамдар кез келген жанрдағы музыканы тыңдап, жүктей алады. Оған қоса Hitter атақты емес жас музыканттарға әндерін платформаға енгізіп, танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. Ол үшін Hitter-дің әзірлеушілеріне хабарласып, келісу керек.

2022 жылғы жазда Beeline Қазақстан Hitter мобайл қолданбасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты — қазақстандық музыканы дамыту және қолдау.

Мобайл қолданбаның негізін қалаған Нигора Баховудинованың айтуынша, Hitter-ге 260 000 қолданушы тіркелген. 2022 жылы тыңдалған барлық әннің 80%-і қазақстандық орындаушылардыкі.

Біз жергілікті музыка контентін басты назарда ұстаймыз. Қазақстандық музыканы дәріптеу үшін, қолданбаны жақсарту үшін үздіксіз жұмыс істеп, жас орындаушылардың танылуына мүмкіндік береміз, — дейді Нигора Баховудинова.

Нигора Баховудинова.Фото: Beeline Қазақстан баспасөз қызметі