Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. 1 шілдеден бастап Қазақстанда не өзгереді?

Фото: БҚО әкімдігі
Бүгін ресми түрде жаңа Конституция күшіне енді. Референдумға қатысушылардың 87,15%-ы Конституцияға өзгеріс енгізуді қолдаған еді. 1 шілдеден бастап елімізде не өзгеруі мүмкін? Baribar.kz Қазақстандағы елеулі өзгерістерді тізіп шықты.

Оқушылар Конституция жайлы пәндерді оқиды

Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына Конституция жайлы бірнеше электив курс енгізуді жоспарлап отыр. Соның аясында 5-7-класс оқушылары конституция негіздері деген пәнді, ал 8-9-класс оқушылары заң және тәртіп деген пәнді оқиды. Оларға тарих және құқық пәні мұғалімдері сабақ береді. Министрлік балаларға қосымша сабақ қосылмайтынын, мектеп бағдарламасында бар сабақтардың мазмұны өзгеретінін хабарлады.

Құрылыс кодексі: мүгедектігі бар адамдарға нысандар ыңғайлы болуы керек

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Бұл заң құрылыстың сапасын, құрылыс туралы ақпараттың ашық болуын және адамдардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Заңдағы негізгі өзгерістердің бірі – ғимарат пен нысанда мүгедектігі бар адамдарға арналған талапты сақтау. Құрылыс компаниялары ғимараттарды мүгедектігі бар адамға бейімдеп салуы керек.

Енді құрылыс саласының талабы қатаңдайды және құрылысты цифрлы басқару тетігін енгізу қажет. Бұл — сейсмикалық белсенділігі жоғары әрі тау бөктерінде орналасқан Алматы үшін маңызды шешім. Құрылыс компаниялары тау бөктерінде құрылыс бастау үшін сейсмикалық микрозоналау, сел және топырақ көшкіні қаупін ескеруге тиіс. Сонымен қатар тұрғын үйлердің кепілдік мерзімі кем дегенде бес жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына 10 жылға дейін ұзарды. Нысаналы құрылыс шектеліп, жоспарды екі жылда бір реттен жиі өзгертуге тыйым салынды.

Биыл электр энергиясының бағасы өзгермейді

2026 жылы электр энергиясының бағасы өзгермейді. 2026–2032 жылдарға арналған тариф құны 66 энергия өндіруші ұйым үшін тұрақты болып қалады. Бұл шешім баға тұрақтылығын сақтап, экономиканың даму сапасын арттыруға ықпал етеді.

Волонтерлік пен қайырымдылықты қолдауға қатысты нормалар

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жаңа Ата заңда волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты қолдауға қатысты нормалар бар. Елімізде волонтерлерге, қайырымдылық қорларға, меценат азаматтар мен ұйымдарға үнемі қолдау көрсетеді. Конституциядағы өзгерістер бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Оның ішінде мәдениет пен тарихи мұраны сақтау, сөз бостандығы және шығармашылық еркіндік, отбасы институтын қолдау, дін, волонтерлік және қайырымдылық қызмет бар.

Теміржол билетінің бағасын тасымалдаушы компания бекітпейді

Көлік министрлігі әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушы тасымалының шекті бағаларын айқындады. 2026 жылғы 24 сәуірдегі бұйрық бойынша, пойызбен жол жүру ақысын есептеу тәртібі мен жолаушыларға қажет жабдықтардың шекті бағасы бекітілді. Енді тасымалдаушы компания теміржол билетінің бағасын өз бетінше көтере алмайды. Бағаны тиісті мемлекеттік орган бұйрықтағы әдістеме мен субсидиялау талабы бойынша өзгертеді.

***

Тағы оқыңыз:

Тоқаев: енді Конституция күні мен «Наурызнама» онкүндігін қатар атап өтеміз

Мақалаға реакция