Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Еуропада аптап ыстық: 1 300 адам қайтыс болды

©inform.kz

Не болды?

Еуропада күн ыстық болғандықтан 21 маусымнан бері 1300-ден астам адам мезгілсіз қайтыс болды. Ал Францияда қайтыс болғандардың басым бөлігі — 65 жастан асқан адамдар немесе егде жастағы қарттар. Бұл туралы Barіbar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус әлеуметтік желідегі парақшасында Еуропадағы өлім-жітім көрсеткіші 1300-ден асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Еуропадағы тұрғын үй, ғимараттар мен мекемелер жоғары температураға шыдамды сапада салынбаған.

Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі 24 маусымнан бері елде әдеттегі өлім-жітім көрсеткішінен бөлек, шамамен 1000-ға жуық адам қайтыс болғанын хабарлады. Қайтыс болғандардың 85 пайызы – 65 жастан асқан азаматтар.

Францияның мына аймақтарында күрделі жағдай жиі тіркелген:

  •  Иль-де-Франс;
  • Жаңа Аквитания;
  • Бретань;
  • Орталық Луара аңғары;
  • Нормандия;
  • Луара аймағы.

Франция тарихындағы ең ыстық күн

Кейінгі күндері Франциядағы ауа температурасы 40 градустан асып, ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны көбейді. Дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметтерінің жұмысы мен жүктемесі күрт артты. Сәрсенбіде тәуліктегі орташа температура 30 градусқа жетіп, 24 маусым Франция тарихындағы ең ыстық күн болып тіркелді.

Эйфель мұнарасы мен Лувр музейі жұмыс уақытын қысқартты

Күн тым ыстық болғандықтан демалыс күндері Париждегі қоғамдық орындарда алкоголь ішуге уақытша тыйым салынды. Бұдан бөлек, сенбіге жоспарланған қаладағы Pride шеруі кейінге шегерілген. Қала тұрғындары мен қонақтардың қауіпсіздігі үшін Эйфель мұнарасы мен Лувр музейі де жұмыс уақытын қысқартты.

Испанияда сынап бағаны 40 градустан асты

Еуропаның басқа елдерінде де жоғары температура тіркеліп жатыр. Мәселен, Ұлыбританияда маусым айындағы ең жоғары температура жаңарып, Саффолк өңіріндегі Сантон-Даунхэм ауылында ауа температурасы 37,3 градусқа жетті. Испанияның кейбір өңірлерінде сынап бағаны 40 градустан асты.

Германияда ауа температурасы 41,5 градусқа жетті

BILD басылымының дерегінше, сенбі күні, яғни 27 маусымда Германиядағы Бавария, Бранденбург, Төменгі Саксония, Рейнланд-Пфальц және басқа да өңірінде ауа температурасы 40–41 градусқа дейін жеткен. Германиядағы ең жоғары температура Мёкерн-Древиц елді мекенінде тіркелді. Мұнда ауа температурасы 41,5 градус болды.

Контекст

Естеріңізге салайық, 28 маусымда Астана — Павлодар тас жолындағы асфальт ыстық күннен бүлініп кетті. 

Мақалаға реакция