Кепілдендірілген әлеуметтік пакет — әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының кәмелетке толмаған әр баласына белгіленген көмек.

Көмек пакеті шартсыз немесе шартты ақшалай көмек алатын тұрмысы нашар шаңырақтарға беріледі. 6-ға толмаған баласы бар отбасы кепілдендірілген әлеуметтік пакетті атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған кезеңде ала алады. Балаларының жасы 6-дан асқандарға бұл көмек оқу жылы алдында беріледі.

6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет ай сайынғы азық-түлік жиынтығынан және тоқсан сайын берілетін тұрмыс химиясы тауарларынан тұрады.

Азық-түлік жиынтығы Үкіметтің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1032 қаулысымен бекітілген және осы жастағы балалардың физиология ерекшеліктерін, тағам мен  оның энергетикасының арақатынасын ескере отырып жасалады.

Әлеуметтік пакетке құрамында анемия, рахит, дисбактериоз сияқты ауруларды болдырмайтын кальций және басқа да микроэлементтермен, пробиотиктермен байытылған витаминдері бар әртүрлі (сүт, көкөніс, жеміс) өнім енген.

Орта білім беру ұйымдарында оқитын кәмелетке толмаған баласы бар үйлерге арналған әлеуметтік пакетке мыналар кіреді:

1) мектеп формасы немесе спорт киімі және оқу құралдары жиынтығы;

2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген нормалар бойынша оқу жылы кезеңінде оқу орнынан (сабақ күндері) күніне бір рет берілетін ыстық тамақ;

3) қоғамдық көлікті (таксиден басқа) билеттің толық құнының 50%-інен кем емес мөлшердегі жеңілдікпен пайдалану.