Биыл соңғы қоңырау салтанатына мектеп түлектері ғана қатысады

Вице-министрдің айтуынша, 11-класс түлектеріне аттестаттарын 3-4 маусымда тапсыру туралы шешім қабылданды.

Жыл сайын аталған іс-шара маусымның ортасында өткізілетін. Түлектерге арналған қорытынды аттестацияның болмауына байланысты және ҰБТ-ға дайындалу қажет екенін ескеріп, біз шараны маусым айының басына ауыстырдық. Мерекені өткізудің ерекшелігі — мереке аясында 11-класс түлектеріне салтанатты түрде аттестат беріледі және соңғы қоңырау соғылады. Сонымен бірге шара міндетті түрде мектеп қабырғасында, таза ауада, қонақтардың қатысуынсыз, тек 11-класс оқушыларының қатысуымен және санитария нормаларын сақтап өткізілуге тиіс. Түлектерге әдеттегі мектеп формасымен қатысу ұсынылады, — деп жазды Шолпан Қарынова.

Салтанатты бөлімнен кейін Экология министрлігінің бастамасымен түлектер ағаш отырғызу акциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Алдағы жылдары бұл акция 25 мамырға орай ұйымдастырылады.

Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Қарынова мектептерде соңғы қоңырау салтанаты болмайтынын хабарлаған еді.