Пәтер сатып алатындар жылдық мөлшерлемесі 5%, 3% немесе тіпті 1%-дық ипотека жарнамасын көріп, «Банктер расымен осындай аз пайызбен несие бере ме?» деп ойлайды. Мөлшерлеме пайызы төмен бағдарламаларды екінші деңгейлі банктер мен құрылыс компаниялары бірлесіп ұсынады. Алайда мұндай бағдарламалардың жарнамада ашық айтылмайтын маңызды тұстары бар.
Baribar.kz пайызы төмен ипотека туралы маңызды сұрақтардың жауабын анықтады.
Қазақстанда 1%-дық ипотека бар ма?
Кrisha.kz мәліметіне қарағанда, елімізде 1% мөлшерлемемен берілетін ипотека бар. Бұл — банк пен құрылыс компаниясының серіктестік бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша, банк тек белгілі бір тұрғын үй кешендеріндегі пәтерді алатын азаматтарға несие береді. Ал құрылыс компаниясы пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. Сондықтан сатып алушыға аз пайыз ұсынады. Жарнамадан 1-5% ипотека жайлы ақпаратты жиі байқаймыз. Дегенмен бұл мүмкіндікті бәрі бірдей пайдалана алмайды.
Бағдарламаның негізгі шарты қандай?
Басты талап — бастапқы жарна мөлшері. Сатып алушы бастапқы жарна ретінде көп қаражат төлесе, несие пайызы да аз болады. Мысалы, пәтер құнының 70–80%-ын бірден төлесе, банк пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынуы мүмкін. Алайда мұндай несие әдетте аз мерзімге, көбіне 12–18 айға беріледі. Бастапқы жарна 20–30% шамасында болса және несие көп мерзімге рәсімделсе, пайыздық мөлшерлеме де өседі. Кей жағдайда мөлшерлеме жылына 18–20%-ға жетуі мүмкін. Демек, 1%-дық ипотека рәсімдеу көбіне қолында қомақты қаражаты бар азаматтарға тиімді.
Пәтер неге қымбат болуы мүмкін?
Пайыз аз болса да, кейде пәтер бағасы қымбат болуы мүмкін. Құрылыс компаниясы серіктестік бағдарлама аясында пәтерді нарықтағы бағадан қымбат ұсынады. Сондықтан сатып алушы несие бойынша аз пайыз төлесе де, шаршы метр құны қымбаттап, артық шығынға ұшырайды. Үй таңдағанда тек пайыздық мөлшерлемеге емес, пәтердің жалпы бағасына да мән беру керек. Мысалы, бір тұрғын үй кешенінде 100% төлеп, сатып алған пәтердің шаршы метрі ипотекамен алған сомадан 5–10% арзан болуы мүмкін. Демек, аз пайызбер берген ипотеканың бір бөлігі пәтер бағасына қосылады.
Банк қандай шарт ұсынады?
Әр банк пен құрылыс компаниясының талабы әртүрлі болуы мүмкін. Жалпы шарты:
- пайыздық мөлшерлеме — 1%-дан 18,5%-ға дейін;
- бастапқы жарна — 20%-дан бастап;
- несие мерзімі — 20 жылға дейін.
Бастапқы жарна көп болса және ипотека мерзімі аз болса ғана пайыз азаяды. Серіктестік ипотекамен кез келген пәтерді сатып алуға болмайды. Кейде пәтер түріне қарай шектеу қойылады. Мысалы, банк тек екі немесе үш бөлмелі пәтерлерге ипотека беруі мүмкін.
Серіктестік ипотека қандай жағдайда тиімді?
Серіктестік ипотека:
- пәтер құнының басым бөлігін жинап қойған болсаңыз;
- несиені аз уақытта жабуды жоспарласаңыз;
- нақты бір құрылыс компаниясының немесе тұрғын үй кешенінің пәтерін алғыңыз келсе;
- артық төлемді барынша азайтқыңыз келсе, тиімді болуы мүмкін.
***
Тағы оқыңыз:
