Асхана
Фото: Egemen.kz

Сарапшылар Алматының әртүрлі ауданындағы 10 мектептің тамақтандыру жүйесін тексерген. Мектеп асханаларының 8-і  талаптарға сай келмей шықты.

Бұл туралы «Аман-саулық» және «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорларының басшылары баспасөз мәслихатында айтты. Олар мектептегі тамақтандыру жүйесін ұйымдастыру проблемаларын тізіп шықты.

Ең алдымен, біз тағамтану институты ұсыныстарының қаншалықты орындалатынына мән бердік. Асханада ілулі тұрған мәзірден тексерісті бастадық. Бірақ бұл мәзірді жоспарлы түрде орындаған мектептер жоқтың қасы. Сонымен қатар мемлекеттен бөлінген қаражаттың толық игерілмегені байқалды. Балалардың алдындағы ыстық тамақ мөлшері 200 грамнан аз, — дейді «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина.

Айта кетейік, мемлекет аз қамтылған жанұядан шыққан бастауыш сынып оқушыларының әрбірін тамақтандыруға 267 теңге бөлген. Марианна Гуринаның айтуынша, тексеріс ұйымдастырудың мақсаты — бұл қаражаттың баланы тамақтандыруға жеткіліксіздігін дәлелдеу.

Мектептегі тамақтандыру пресс-конференция
Марианна Гурина мен Бақыт Түменова. Фото: Baribar.kz

Мектептердің көбінде буфет жұмыс істейді. Онда көзімізге түскен ең бірінші нәрсе —  газдалған сусындар мен сан алуан шоколад. Бұл өнімдерді мектеп буфетінде сатуға тыйым салынған. Себебі балаларға шоколадтар мен газдалған сусындар, майлы да құнарсыз өнімдер зиян. Сонымен қатар көп қаражат әкелетін буфеттік өнімдер кассадан өтпейді, — дейді Марианна Гурина.

Сарапшының айтуынша, буфетте жұмыс істейтіндердің кейбірінің санитарлық кітапшаларының мерзімі өткен, басқа да стандарттарға сай келмейді.

мектептегі тамақтандыру
Марианна Гурина мен Бақыт Түменова. Фото: «Аман-саулық» ҚҚ

Директорлар асхана қызметіне неліктен ықпал етпейтінін анықтап көрдім. Олардың айтуынша, кәсіпкерлер мектепке асхана қызметін орындауға тендер арқылы келеді. Директорлардың бірі осыған дейін тамақтандыру жүйесі бойынша білім беру басқармасына арыз жазғаны үшін опық жегенін айтты. Осы жерде біз проблеманың мектептерден бастап емес, тендерді әділетсіз ұйымдастырған кезден қарастыру керек екенін түсіндік. Сондықтан балалардың мектепте тоқ жүруін, пайдалы аспен қамтамасыз етілуін қалайтын ата-ана тамақтандыру жүйесін қадағалайтын қорлармен бірігіп, директорға, басқармаға немесе министрлікке дейін баруы қажет, — дейді Марианна Гурина.

Баспасөз мәслихатына мектеп асханаларын жалға алып жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бірі келе алмады. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы сарапшы Бақыт Түменованың айтуынша, мектеп оқушыларын дұрыс тамақтандыру — Қазақстан халқының болашақтағы денсаулық жағдайын бүгіннен жақсарту.

мектептегі тамақтандыру
Бақыт Түменова. Фото: «Аман-саулық» ҚҚ

Тағамның жеткіліксіз мөлшерде әрі құнарсыз болуы баланың физикалық дамуына, аурушаңдығына, оқу үлгеріміне әсерін тигізеді, заталмасудың бұзылуына және созылмалы патологияның пайда болуына ықпал етеді. Сондықтан біздің басты міндет — еліміздің әрбір мектеп оқушысының қалыпты өсуіне, дамуына, білім алуына және иммунитетін күшейтуіне қажетті тамақтандыруды қамтамасыз ету, — дейді «Аман-саулық» қорының президенті Бақыт Түменова.